Түркістан қаласында тағы да шу шықты. Қаланың ішкі саясаты тұрақсызданып, халық көтерілуі көбейіп тұр. Былтыр да дәл осылай тұрғындар облыс әкімдігіне жаяу шыққан болатын. Бұл туралы Қаламқас Ботабекова атты желі қолданушысы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Ол халықтың көтерілуіне Түркістан қаласының байланыс орталығы ресми жауап бергенін айтты.
«Қаламқас Ботабекова, Қайырлы күн! 2005-2006ж.ж. Түркістан қаласы, Яссы ауылдық округі әкімдігінің шешімдерімен жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 243 азаматқа жер телімдері берілген. Алайда Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» оның ішінде 181 шешімнің мұрағатта түбірі болмағанын анықтаған. Осының негізінде аталған шешімдер Яссы ауыл округі әкімінің шешімімен қайта бұзылған. Бұл жағдай тұрғындардың инфрақұрылым жүйелеріне (табиғи газ, жарық, ауыз су) қосыла алмауына әкеп соққан.
Қазіргі таңда, туындаған мәселені түпкілікті шешу мақсатында жергілікті тұрғындар мен қала әкімдігінің лауазымды тұлғалары арасынан жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының міндетіне: Бекзат мөлтек ауданындағы заңдастырылмаған жер телімдерін түгендеу, тізімдерін қалыптастыру, құжаттарды жинақтау, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекстің 244-бабы 3-тармағына сәйкес сотқа жүгіну үшін талап-арыздың жобасын дайындау және т.б. кіреді.
Бүгінгі жағдай бойынша қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков тұрғындарды қабылдап, өтініштерін тыңдады. Туындаған мәселенің заң аясында шешілуіне тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Істің зерделенуіне тұрғындар арасынан қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында белсенді 3 азаматты қатыстыруға шешім қабылданды. Жиналған тұрғындар сағат 10.00-де толығымен тарқады. Қазіргі уақытта саяси ахуал тұрақты», — делінген жазбада.
«Адырна» ұлттық порталы