Бүгінде қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, құқық тәртібін қамтамасыз етуге үлес қосып келе жатқан жастардың бірі — полиция майоры Ғалымжан Қатбаев. Шымкент қаласы Полиция департаментінде 14 жылдан бері қызмет етуде. Ол тек өз ісінің білікті маманы ғана емес, үздік спортшылардың да бірі ретінде бүгінге дейін бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері жетерлік.
Еске салайық, өткен жылы Украинаның астанасы Киев қаласында жауынгерлік «Джиу-джитсу» бойынша әлем чемпионаты өткен еді. Жарысқа әлемнің 25 елінен 200-ге жуық спортшы қатысып, Қазақстаннан барған спортшылар арасында Ғалымжан 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде украиналық спортшымен белдесіп, 1 орынды иеленген. Сонымен қатар, 2021 жылдың 25-28-ақпан күндері аралығында Алматы қаласында жауынгерлік джиу-джитсу бойынша Қазақстан Республикасы чемпионаты өткен. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 250-ге жуық спортшы қатысқан. Әлем және Азия чемпионаты жолдамасы сарапқа салынатын болғандықтан, жүлделі орындар әрбір спортшыға оңайға соқпағаны бар. Аталған додада Ғалымжан Бақытұлы 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бәсекеге түсіп, финалда Алматы спортшысымен бәсекелесіп, 2 орынды иеленген. 32 жастағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері 15 жыл бойы жауынгерлік джиу-джитсумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанып келеді. Жас та болса, бір емес бірнеше төсбелгілермен марапатталған: «Жауынгерлік джиу-джитсу халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «Азия чемпионы», «Әлем чемпионы», «Қоян қолтық ұрысынан спорт шебері», «Қазақстан чемпионы және жүлдегері», «Джиу-джитсу күресінен спорт шебері».
Қай істе де жеңістің тек еңбекпен келетінін қайсар мінезді жігіт жақсы біледі. Үздіксіз жаттығудың арқасында осындай жетістіктерді бағындырып отыр. Қызмет пен спортты серік еткен сақшы қазіргі кезде Еліміздің мақтанышына айналғаны қуантады.