Отырардың әкімі Әбдіғали Жүнісовтің құйтырғы істері қашан тоқтайды?

1720

Биыл Отырар ауданы «Көкмардан» ауылында үй іргелік учаскелердегі бақша өнімдері мен жеміс ағаштарын суғаратын ағын су мен ауызсу тапшылығы қатты сезілді. Ауыл шаруалары бірнеше рет ауыл әкімдігінде, Арыс өзеніне қойылған насос маңында жиналып, су мәселесін шешпек болды. Ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелер туындаған кездерде ауыл округі әкімдігі басшылары тарапынан жедел іс-әрекет болмай, бейқамдық танытатынына ренжулігін білдіріп жүрді.

Отырар ауданы «Талапты» ауыл-округі әкімдігі аппаратындағы жиырма шақты қызметкердің 90 пайызы аудан орталығы Шәуілдір ауылынан келіп қызмет атқарады. Ал, ауыл тұрғындары ауылдар ішінде шешімін табуға тиісті мәселелердің шешілмей, қордаланып жатқанына алаңдап отыр.

«Талапты» ауыл округіне қарасты елді-мекен тұрғындары биыл ауыл округі әкімінің қызмет ету мерзімі бітуіне байланысты 26-шы қыркүйек күні бос тұрған ауыл әкімі лауазымына сайлау өткізу белгіленген болатын. Жергілікті тұрғындар тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын осы сайлауға өз ауылымыздің тыныс-тіршілігін, шешілмей келе жатқан проблемаларын білетін, ауылға жаныашыр азаматы сайланса деп үміттенген еді…

Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңда ауыл әкіміне үміткерлерді жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілуі көрсетілген. Ал, біздегі жағдайда сайлау десе бойларына қуат құйылатын, қанаттанып, көпшіліктің пікірімен санаспайтын аудан әкімімен ым-жымы бір топ білімі мен біліктілігі, тәжірибесі де сәйкес келмейтін  үміткерді «Nur Otan» партиясы арқылы ұсынған. Яғни жергілікті тұрғындардың ұсынылып отырған үміткерлері туралы ұсыныс пікірлері жан-жақты тыңдалып, ескерілмеді.

Айта берсек айтылар мәселер көп. Бізге ауылдағы қордаланған проблемалар шешу бойынша жұмыстар жүргізуді және жергілікті тұрғындарды осы жұмыстарға жұмылдыратын білікті ұйымдастырушы басшыны өздері таңдап алуына Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов жол бермей отыр. Биылғы жылы Отырар ауданы бойынша 7 ауыл округінде ауыл әкімдері сайланса солардың бәрінде тікелей өз адамдарын тықпалап отырды. Жергілікті тұрғындардан әкімдікке үміткер адамдарды түрлі құйтырғы істермен, кандидаттарын кері қайтарып алғызып отырған. Сонда еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да ауыл басшысын таңдау құқығы ауыл тұрғындарының өздеріне беру керектігін баса айтқаны Отырар ауданының әкімі Ә. Жүнісовке қатысы болмағаны ма?

Аудан әкімі ел президентінің саясатын жергілікті жерде жүргізушіме, әлде өзімбілемділікке салынып, өзін жарты патша сезінуші ме?

«Талапты» ауыл әкімдігіне жергілікті тұрғындар бір ауыздан қолдаған үміткерге барлық қолынан келген қарсы іс-әрекетін жасап, барлық кедергілерін қолданып, ақыры сайлаушылардың 1 пайыздық қолдау қолдары өздерінікі емес деген жалған анықтама алып, (ал сайлаушылардың қолдары 100 пайыз өз қолдары екені анық) сайлауға қатыстырмай қойды.

Осы жағдайды тиісті органдар қайта қарап, аудан әкімі Ә.Жүнісовтің сайлау өткізудегі құйтырғы іс-әрекеттеріне тоқтам салу керек.

Қуанышбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ
Отырар ауданы, Көкмардан ауылының тұрғыны