Тәуелсіздік күні құтты болсын!

1928
Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!
Сіздерді Еліміздің өміріндегі маңызды оқиға, әрбір қазақстандық үшін қымбат болып табылатын Ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Қазақстан тәуелсіздігі – ең алдымен ұлтымыздың бостандыққа деген асқақ рухының жеңісі. Азаттық рухы кең көсілген Ұлы Даланың батыр бабаларымыздың қайсар мінезінен қалыптасқан. Ғасырлар қойнауына үңіліп, тарихымызға көз салсақ – қазақ халқы бостандығы мен тәуелсіздігі жолында небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді. Он сегізінші ғасырдан Қазан төңкерісіне дейінгі аралықтың өзінде ғана патша империясының отаршылдық саясатына қарсы қазақ даласында 200-ден аса ұлт-азаттық көтерілісі орын алыпты.
Бүгінгі таңда Елі мен жері үшін ерлікке тәуекел еткен ата-бабаларымыздың аңсаған арманы орындалды. Еліміз Егемендігін алып, дербес мемлекет құрдық. Тұңғыш Президентімізді сайладық. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Әнұран, Көкбайрағымыз туралы Заң қабылдадық. Ұлттық валютамыз айналысқа кірді. Ата заңымыз — Конституцияны бекіттік. Ертеде қуғын-сүргінге ұшыраған арыстарымызды кеш те болса ақтап алуға кірістік. Біздің қазіргі ұрпақ осындай ұлы өзгерістердің ортасында болғанымызды әрдайым мақтаныш етіп, жауапкершілік жүгін бір сәтке де естен шығармауымыз керек. Осындай керемет өзгерістердің бірі -Түркістан қаласын облыс орталығы ету туралы Елбасымыздың 2018 жылғы 19 маусымдағы қабылдаған шешімі болды.
Елбасының бұл шешімі – көне Түркістанның қайта түлеп, Еліміздің одан әрі өсуіне үлес қосатын жаңа орталыққа айналуына жол ашты. Облыс орталығы атанған Түркістан қаласы ендігі жерде Еліміздің ғана емес, бүкіл Орта Азияның, тұтас түркі әлемінің рухани әрі мәдени орталығы болатындығы сөзсіз.
Осы тарихи шешімге байланысты Шымкент қаласынан Түркістан қаласына бүкіл мемлекеттік органдар мен мекемелер қоныс аударып, көне қаланың өркендеуіне үлесін қосуда.
Прокуратура органдары сондай-ақ Тәуелсіз еліміздегі жаңа мемлекеттік саясаттарды және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға қатысып, өз ықпалын тигізуде. Елбасының саясатынан бастау алған реформалар да бүкіл құқық қорғау жүйесі мен оның қызметкерлерінің беделін көтерді. Ол заңдылықты қадағалау мен құқық қорғау функцияларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта прокуратура органдары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның мүдделерін сақтай отырып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі мемлекеттің сенімді тірегіне айналды.
Заң мәртебесін жоғары көтеруде, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде, Елбасы мен халықтың білдірген сенімін ақтауда, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын қорғау жұмыстырында ауызбіршілігімізді сақтай отырып, алдағы асқақ мақсаттар жолында облыс прокуратурасының қызметкерлері өздерінің күш-жігерін аямай жұмсайтынына сенім білдіремін.
Сіздерді және сіздердің жақындарыңызды Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық пен бақ-береке тілеймін!
Еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін, бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Нұрғалым Әбдіров,
Түркістан облысының прокуроры