Елімізде қазынаға қол жайып отырған аймақтар жетерлік. Өнеркәсіп кешендері даму шегінен артта қалған аймақтар көп. Елімізде тек қана 4 аймақ өзін толық қамтиды, ал қалған аймақтар қаржылай көмекке зәру. 14 облыс пен үш республикалық маңызы бар қаладан тұратын ел үшін бұл тым нашар көрсеткіш.

Өзін толық қамтығандар арасында мұнайлы өлке Атырау мен Маңғыстау облыстары және оңтүстік астана Алматы мен елорда Нұр-Сұлтан қалалары бар. Ал Шымкент республикалық маңызы бар қала болса да, әзірге бұл қатарға қосылмады.

Келер жылы республикалық бюджетті қаржыландыру деңгейі «ulysmedia.kz» ақпараты бойынша 488 млрд теңгені құрамақ. Оның ішінде бюджетке 220 млрд теңге Атырау облысынан, 211 млрд теңге Алматыдан, 38 млрд теңге Нұр-Сұлтаннан және 19 млрд теңге Маңғыстаудан түседі деп күтіліп отыр.

Ал донор аймақтарға телміріп, бюджеттен қаржы бөлінуін күтіп отырған өзге аймақтарға 2,119 трлн теңге бөлінбек. Оның ішінде ең көп қаражат Түркістан облысына бөлінбек, бақандай 402 млрд теңге. Млрдтаған теңгеге туристік орталықтар салып, ел назарына іліксе де, Түркістан екі миллионнан астам халқы бар облыс ретінде өзін қамтамасыз ете алмай отыр.

Екінші орында аумағы үлкен Шығыс Қазақстан облысы тұр. Өнеркәсіп кешендері көп екендігіне қарамастан бюджеттен қаржы бөлінуіне мұқтаж. 2022 жылы бюджеттен Абай туған өңірге 217 млрд теңге бөлінбек.

Үшінші орында Жамбыл облысы тұр. 2021 жылы жарылыспен есте қалған өңірге 2022-де 194 млрд теңге бөлінбек. Ал бюджеттен 184 млрд теңге бөлінетін Қызылорда облысы төртінші орында тұр.

Өзге аймақтарға да бюджеттен қаржы бөлінбек, алайда оның көлемі жоғарыда айтылған төрттіктен әлдеқайда аз.

Abai.kz