Президент құрылыс саласындағы монополияны сынады

959

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында коммерциялық нарықты да, мемлекеттік тапсырысты да уысында ұстап отырған құрылыс компанияларын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде бірнеше құрылыс компаниясы ғана үстемдікке ие болып отыр. Коммерциялық нарық та, мемлекеттік тапсырыс саласы да солардың қолында. Шын мәнінде олар бұған әкімшілік ресурсты пайдалану арқылы қол жеткізуде. Үкіметке Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиясыздандыру және бәсекелі дамуы бойынша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.

Президент ондай монополист компаниялардың аты белгілі екенін атап өтті.

«Тендерді ұтып алып, оны қосалқы мердігерлерге беретін, олар тағы басқа қосалқы мердігерлерге беретін компаниялардың атауы белгілі. Сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын», — деді Президент.