Ресей мен Украина шиеленісі шырқау шегіне жетті. Сарапшылар осы аптада барлығы шешілетінін болжап отыр. Не соғыс, не шегініс дейді олар.
Өткен аптада Украина-Ресей шекарасындағы шиеленіс күшейе түсті. АҚШ Украинада соғыс басталатын күнді де болжады. АҚШ барлаушылары: «Ресей 16 қаңтарда соғыс ашады», деп болжап отыр. Олардың ойынша Ресей бірнеше бағытта Украинаға басып кіреді. Беларусь бағытынан, Ресейдің өз шекарасы мен отарланған Қырымнан және сепаратистер қолындағы Приднестровьеден. «Мәскеу басып кіру алдында екі күн толассыз Украина жерін бомбалап, артынша құрлық әскерін қолдану арқылы операция өткізеді», дейді сарапшылар. Бұл болжаммен бірқатар Еуропа елдері келіспеді. Олар Ресейдің 16-ақпанда басып кіретініне сенімді емес. Сонымен қатар Ресей соғыс ашатын болса, тек шығыс аймақтағы ЛХР мен ДХР деп аталып жүрген сепаратистік аймақтар арқылы соғысты бастауы мүмкін екенін айтады.
Алайда АҚШ-тың барлау қызметінің ақпаратына сүйене отырып, бірқатар елдер өзінің дипломатиялық қызметкерлерін Украинадан әкете бастады. Қазірдің өзінде 33 мемлекет өз азаматтарын Украинадан кетуге шақырса, бірқатар елдер Киевтегі елшіліктерін Львов қаласына көшіруді бастады. Израиль тіпті, Украинадағы 100 мыңнан астам отандастарын басқа елге эвакуациялау жоспарын жасауда. Олар алдымен халықты автобуспен Польшаға шығарып, артынша ұшақпен әкету жоспарын бекіткен.
Франция басшысы Путинмен кездесіп, 5 сағатқа созылған ауыр да күрделі келіссөздерді өткізді. Алайда аталмыш кездесу айтарлықтай нәтиже бермеген сыңайлы. Эммануэль Макрон артынша Киевке келіп, Зеленскиймен жолықты. Ол Францияның Ресей мен Украинаға мәселені шешуді ұсынған жоспарын айтты. Алайда ол жоспарды Кремль де, Киев те қабылдамаған.
11 ақпан күні Украина «Вена құжатына» сай Ресейдің шекара маңына 150 мың әскерді неге шоғырландырғанын түсіндіру үшін 48 сағат уақыт берген болатын. Ресей Сыртқы істер министрлігі әуелбаста: «Жауап береміз», деген. Алайда артынша жауап беруден түбегейлі бас тартты. 48 сағат өткеннен кейін, Украина «Вена құжатына» қол қойған елдердің кездесу өткізуін талап етті.
2011 жылы «Вена құжаты» жаңартылған еді. Оған қол қойған елдер тізімі мынадай: Аустрия, Әзербайжан, Албания, Андорра, Армения, Беларусь, Бельгия, Болгария, Босния және Герцеговина, Венгрия, Германия, Греция, Грузия, Дания, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Кипр, Қырғызстан, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Мальта, Молдова, Монако, Нидерланды, Норвегия, Польша, Португалия, Ресей, Румыния, Сан-Марино, Сербия, Словакия, Словения, Ұлыбритания, АҚШ, Тәжікстан, Түркіменстан, Македония, Түркия, Өзбекстан, Украина, Финляндия, Франция, Хорватия, Черногория, Чехия, Швейцария, Швеция, Эстония.
«Вена құжатына» сай бір мемлекет екінші бір елдің шекара маңында әскери әрекет бастайтын сыңай танытса шұғыл отырыс шақыру құқығына ие. Құжат ЕҚЫҰ (ОБСЕ) аясында қабылданған. 2011 жылы жаңартылып, құрамы елдермен және жаңа ережелермен толыққан.
Батыс еледрі мен АҚШ Украинаға барынша қару әкеліп, көмек көрсетуді жалғастыру үстінде. Нақтылап айтқанда, АҚШ 18 рейс қару әкелген. Әр рейсте снарядтар, оқ-дәрі мен атыс қарулары бар. Ұлыбритания NLAW жеңіл зымыран кешендерін әкелсе, Литва «Стингер» тікұшаққа қарсы қондырғыларын жеткізді. Батыс бір ай ішінде 1,5 млрд теңгенің қаруын жеткізген. Батыс тарапы Ресей ашық соғысқа кіріссе, жойқын экономикалық санкциялар салып, Украинаға басқа қару түрлерін, атап айтқанда ұшақтар, зымыран кешендерін беру мүмкіндігін жариялады.
Ресей мен Беларусь қазіргі уақытта бірлескен жаттығу өткізіп жатыр. Беларусь жерінде Ресейдің соққы жасауға қабілетті 15 мың жасағы топтасты. Жаттығу 20 ақпанда ресми түрде аяқталуы тиіс. Сарапшылар сол күні Мәскеу соғысты бастауы мүмкін дейді, себебі «Бейжің олимпиадасы» да дәл сол күні аяқталады.
Асхат Қасенғали
Abai.kz