Сенат депутаты: кімнің қолында ақша бар, сотта сол жеңеді

1189
Сенатор әділетсіз қоғамда халыққа өмір сүру қиын екенін атап өтті
Сенат депутаты Талғат Мұсабаев мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен соттағы жемқорлық мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлайды Ardak.kz тілшісі.
Сенатор 2015-2025 жылдарға арналған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру мәселелеріне арналған кездесуде соттарда сыбайлас жемқорлықтың дендеуіне алаңдады.
«Маған сотта әділдік таппаған азаматтар көп келеді. Олар «қазір кімнің қолында ақша бар, барлық сотты сол жеңіп алады» деп айтады. Қазір сотта жеңу үшін сол адамнан 100 мың доллар сұрайды. Ал ол мұндай ақшаны қайдан алсын?», — деді Мұсабаев.
Депутат әділетсіз қоғамда халыққа өмір сүру қиын екенін атап өтті.
«Сотқа жүгінген адамның қолында барлық айғақ – құжаты, видеосы болып тұрса да, жеңіліп қалады. Әділдік таппайды. Өйткені қалтасында ақшасы жоқ. Меніңше, агенттік (мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – Sputnik) осы мәселемен айналысуы керек», — деді ол.
Мұсабаев шағымның дені Алматы қаласынан түсетінін айтты.
«Әсіресе, бұл Алматыда қатты белең алған. Сондықтан агенттік осыған баса назар аударуы тиіс. Қалғанының бәрі оңай, ең қиыны осы болып тұр. Егер  сіздер осы мәселені шешсеңіздер, халық сіздерге алғысын айтады», — деді депутат.
Ал мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов сенатордың сөзімен толық келісті.
«Өкінішке қарай, соттарда жемқорлық бар. Біз жемқорлықтың алдын алу бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әрине, қиыншылықтар да кездеседі. Бізге де сот шешімімен келіспеймін деп келетіндер көп. Бірақ Конституциямен бекітілген тәртіп бар: бірде-бір мемлекеттік орган сот шешіміне баға бере алмайды. Яғни, оның қаншалықты әділетті, заңды немесе заңсыз екеніне. Тәртіп бойынша жоғарғы сотқа, бас прокуратураға шағымдануға болады», — деді ол.
Бектенов сыбайлас жемқорлықты екі жақты қозғалысы бар көшеге теңеді.
«Кейде адамдар шарасыздықтан пара беріп жататыны рас. Бірақ, өкінішке қарай, парамен мәселені шешу оңай деп ойлайтындар да бар. Олар заңмен жеңе алмайтынын біледі де, пара береді. Бұл жағдайда ол да сондай қылмыскер», — дейді Бектенов.
Sputnik.kz