Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу саласына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 103 млн теңге үнемделген. Бұл туралы өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде өткен баспасөз жиынында айтылды.
Брифингте департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталының ақпаратын талдау арқылы мемлекет қаражатын тиімсіз мақсатта жұмсауға ниеттенген мекемелерді атап өтті. Оның айтуынша, Сауран аудандық ішкі саясат бөлімі принтердің 5 данасын 44 642 855 теңгеге сатып алуды жоспарлаған.
«Яғни, бір принтердің құны 8 928 571 теңге болған. Ал Түркістан облыстық әкімдігінің басқармасы әжетхана тазалағыш құралының 150 данасын 7 657 950 теңгеге алмақ болған. Бұдан бөлек, Ордабасы аудандық тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі инспекциясының «Темирлан благоустройство» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бір аялдаманы салу үшін 17 857 140 теңге жұмсауды көздеген. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны 493 тонна жаздық дизель отынының 1 литрін – 276 теңгеге (жаздық дизель отыны литріне – 230 теңге) бағалаған. Дизель отынын жалпы 25 470 395 теңгеге сатып алуды жоспарлаған»,- дейді Нұрдәулет Сәмет.
Айта кетейік, департамент тарапынан жолданған ұсыныс хаттардан кейін асыра жоспарланған баға қайта қаралған.