Түркістан облысының шаруалары 1 гектар қырыққабаттан 10 миллион теңге табыс табады

1092

Жетісай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Облыс басшысы алдымен Ынтымақ ауылдық округі, Ақниет елді мекеніндегі қырыққабат алқабына барып, кәсіпкерлермен, диқандармен, шаруалармен жүздесіп, өтініштерін тыңдады. Ағын су мәселесі, субсидия және өзге де түйткілдер бойынша ұсыныстарына құлақ асты. Шаруа қожалығының иесі биыл 12 гектар жерге қырыққабат егіп, 400 тонна өнім жинайтынын жеткізді. Одан кейін мақта егіп, екінші өнім алады. Биыл қырыққабаттың 1 келісі егістік басынан 280 теңгеге сатылуда.

“Өңіріміздің негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы. Біз ағын су мәселесін, диқандарға жағдай жасау жолдарын үнемі назарда ұстап келеміз. Әрдайым шаруалар жағындамын. Мемлекет басшысы халыққа жолдауы аясында

елімізде саяси реформалар жасалып жатыр. Оны өздеріңіз білесіздер. Әкімдерге көп нәрсе жүктелді. Геосаяси және экономикалық жағдай оңай емес. Ең бірінші шешетін мәселеміз – жұмыссыздықпен күресу. Барлық аудан, қалада демографиялық өсім жоғары. Сондықтан жұмыс орындарын ашу бағытында жұмысты күшейтуіміз керек. Бүгінде облысымызда 150 мың шағын және орта бизнес субъектілері бар. Әр субъектіде кем дегенде он адамнан жұмыс істейтін болса, сол арқылы бір миллионнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Жетісайда «Бизнес Бастау» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеке кәсіпкерлікті дамыту бағытында жақсы жұмыс жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығына келсек, жаңа мен егістік басында шаруалармен кездестім. Біздің ауа-райымыз бір жылда екі-үш рет өнім алуға мүмкіндік береді. Ерте пісетін көкөністі өсіруге өте қолайлы. Түрлі тәсілдерді шаруаларға ұсынып жатырмыз. Он екі гектар жерге қырыққабат егіп, қазірдің өзінде келісін шамамен үш жүз теңгеге саудалауда. Жалпы 400 тоннадай өнім алып, алғашқы түсімнің өзінен пайдаға кенеліп отыр. Бұл тірлік ең мықты кәсіпкерлердің қолынан ғана келеді. Кәсіпкерлікке ебі бар азаматтарды тауып, үйреткен жөн”, – деген Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың газ және инфрақұрылымға қатысты өзге де сұрақтарына жауап берді.

Бүгінде Жетісай ауданының диқандары қырыққабаттың ерте пісетін түрлерінен 200 тонна өнім жинап, Ресейге экспорттап үлгерді. Әр гектарынан он миллион теңгеден астам таза табыс түсуде. Осы жетістікке тоқталған өңір басшысы «Сырдария» университеті маңында ашық аспан астында Жетісай тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

“Облыс орталығына шалғай орналасқандықтан мен Жетісай мен Мақтааралға әдейі жиі келіп тұрамын. Бұл жақтағы мәселелердің бәрі маған жақсы таныс. Газ бен ауыз су мәселесі өзекті. Мен арнайы зерттеуге тапсырма бердім. Зерттеу арқылы Атакентте 150 жылға жететін су қоры бар екені анықталды. Оны де ел игілігіне беру жүзеге асады. Екіншіден, газ мәселесі туралы сұрақтарыңызға келсек, екі газ тарату станциясы бар. Олар өз күшінен артық жүмыс істеп жатыр. Бәрін қамтуға күштері жетпейді. Сол үшін 2 үлкен АГРС салуға кірістік. Біреуі – Атакентте, екіншісі Жетісайда бой көтереді. Ол екеуінің құрылыс біткен соң аймақ толық газбен қамтылады. Әрбір сала бойынша даму тқжырымдамасы, жоспарлары бар. Жетісайды абаттандыру, әлеуметтік нысандармен қамту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асады”, – деді облыс әкімі.

Кездесуден кейін Өмірзақ Шөкеев бір топ тұрғынды жеке қабылдап, өтініштері мен арыз-шағымдарын тыңдады. Әрбір өтініш хаттамаға енгізіліп, заң аясында жұмыс жүргізіледі. Жауапты басшыларға, аудан әкіміне жұмыссыздықпен күресті күшейту, олардың санын нақтылау, құрылысты сапалы атқару және өзге де салалар бойынша тапсырмалар берді. Ашық аспан астындағы жүздесулерде тұрғындар облыс басшысымен емен-жарқын әңгімелесіп, сұрақтарына жауап алды. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын берді.

Өмірзақ Шөкеевтің «Асыл қазына және тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін тұрғындармен, көпбалалы ата-аналармен, Әжелер кеңесі мен Әкелер кеңесі өкілдерімен кездесуде жұртшылық тарапынан мектеп салу, инфрақұрылым тақырыбында өтініштер берілді. Облыс әкімі бұл ұсыныстар да назарға алынып, заң аясында шешілетінін жеткізді. Сұранысқа сай мектеп салынып, медициналық құрылғы әперілетіні айтылды.