Қазыбек Исаның қателігі үшін депутаттардың барлығын кінәлау дұрыс емес–Әлтаев

1320

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев әріптесі Қазыбек Исаны тіл мәселесін көтерерде қателікке бой алдырды деп есептейді. Оның айтуынша, депутаттың Үкімет басшысына жолдаған сауалына мәжілістегі 108 депутаттың қол қоюы міндетті емес.

Қазыбек Исаның қазақ тілінің статусына қатысты көтерген мәселесі қоғамда резонанс туғызған болатын, деп хабарлайды Экспресс К.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның тіл мәселесі жөнінде Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалын 108 депутаттың тек 38-і ғана қолдады дегені қоғамда қызу талқыланған еді. Көбісі қазақ тіліне қырын қараған депутаттарды жерден алып, жерге салды. Ал қол қойып қолдағандар мадақталып жатты.

Қолдағандардың арасында айтыскер ақын Аманжол Әлтаев та бар. Бірақ депутат Қазыбек Исаның бұл тірлігін орынсыз болды деп санайды. Журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында ол тіл мәселесі төңірегінде болған әңгімені әріптестерінің көбісінің естімегенін жеткізді.

«Қазыбек Иса мырзаның тарапынан қателік кетті деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, қолдап қол қойған 38 депутаттың ішінде мен де бармын. Бірақ Парламенттегі әріптестерімді бұл үшін қаралаудың ешқандай орны жоқ деп ойлаймын. Біріншіден тіл туралы заң біздің Парламент қабырғасында талқыланған жоқ. Егер Парламент қабырғасынды тіл туралы заң талқыланып, айтып отырған 69 депутат қарсы болатын болса, бұл әңгімені сол кезде айтуға болатын еді. Ал бұл жерде бір ғана депутат өзінің премьер-министрге жеке депутаттық сауалын жолдап отыр. Ал депутаттың жеке сауалына Парламенттегі барлық 107 депутаттың қол қоюы міндетті емес. Бұдан бөлек Қазыбек Исаның депутаттардың қолын жинағанын, қол қою керек екенін депутаттардың көбісі білмейді, естімегендері де бар. Қазыбек Иса айналасындағы біздер секілді депутаттарға хабарласып, қол қойғызған. Қалғанымен хабарласпаған. Бұл жерде қалған депутаттарды орынсыз кінәлауға болмайды», — деді Аманжол Әлтаев.