Тоқаев: Қазақстан Донецкі мен Луганскіні мойындамайды

950

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Петербург қаласында өткен экономикалық форумға қатысты. Путиннің шақыртуымен барған Тоқаев халықаралық және мемлекетаралық қатынастарға қатысты ойын ашық білдірді.

Тоқаев Қазақстан халқының көкейінде жүрген Ресейлік саясаткерлердің негізсіз айыптауына жауап берді.

«Мүмкін бұл ыңғайсыздау болар, бірақ, мен осы бір трибунаны пайдалана отырып, Қазақстанға қатысты кейбір Ресейлік депутаттардың негізсіз сөздеріне наразылық танытқым келеді. Олардың ішінде журналист, мәдениет қайраткерлері де бар.

Біздің арамызда қандай да бір үлкен мәселелер жоқ. Барлық іріткі салу әрекеттері біздің халықтарымыз бен Ресейдің өзіне зиянды. Осы бір мәлімдемелер (Қазақстанға қатысты негізсіз сөздер) маған мүлде түсініксіз. Қазақстан басшысының шешімдерін немесе еліміздегі жағдайға негізсіз пікір білдіру арқылы, олар нені көздеп жүр?!», – деді президент Тоқаев.

Аталмыш мәлімдеме Ресейлік арандатушы Симоньянның көзінше айтылды. Симоньянның күйеуі Тигран Кеосаян жақында ғана Қазақстанға қарсы мәлімдемелер жасаған болатын.

Тоқаев Луганск және Донецк сепаратистерінің мемлекет жариялағанына қатысты да жауап берді.

Тоқаевтың айтуынша, егер ұлттың өзін-өзі анықтау құқығы шын мәнінде жүзеге асырылатын болса, онда БҰҰ құрамына кіретін 193 мемлекеттің орнына жер бетінде 500 немесе 600 мемлекет пайда болар еді, бұл өз кезегінде үлкен хаосқа әкеліп соғуы мүмкін.

“Осы себепті біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз әрі бұл принцип, біздің ойымызша, квазимемлекеттік территорияларға да қатысты қолданылады, ал Луганск пен Донецк сол санатта болып табылады. Міне, бұл сіздің сұрағыңызға ашық жауап”, – деді Тоқаев.

Осылайша Тоқаев сепаратистердің әрекетін қолдамайтынын ашық көрсетті.

Тоқаев санкцияларға қатысты да жауап берді.

“Қазақстанға келетін болсақ, біздің елге тікелей қысым көрсетіліп жатыр деп айтпас едім. Шынында да бұл — келіссөздер мәселесі. Санкциялар бар. Біз бұл санкцияларды, сөзсіз, біздің сауда-экономикалық стратегиямызда ескереміз. Бірақ, сонымен қатар, Ресеймен арадағы бұдан бұрынғы келісімдерімізге байланысты Қазақстан алдындағы міндеттемелер де бар”,- деді Ол.

Бұған дейін Тоқаев Қазақстан аумағы арқылы санкцияларды бұзуға жол бермейтінін айтқан болатын.

Петербург форумы 4,5 сағатқа созылды. Ауқымы жағынан бұл форум сарапшылар мен шетелдік басшылар аз қатысқан жиын саналады.

Тоқаев Ресейден кейін Иранға сапармен бармақ.

Abai.kz