ШЫМКЕНТ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ АВТОБУС МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

451

Шымкент қаласында қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлымен кездесуден кейін тұрғындардың автобус мәселесі шешімін тапты, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілетеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту, жолаушылар тасымалдау қызметі сапасын арттыру бағытында жүйелі түрде іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қоғамдық көлік бағыттары кезең-кезеңімен жаңа автобустармен толығып, сондай-ақ, жол жөндеу жұмыстары да жоспарға сәйкес атқарылып жатыр.

Осы жұмыстардың барысын қадағалау мақсатында Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесе қоғамдық көліктердің аралық интервалын, қызмет көрсету сапасын бақылады.

Айта кетейік, қазіргі таңда қоғамдық көлік компаниялары бәсекеге қабілетті болуы керек. Қызмет көрсету сапасы жолаушылардың көңілінен шықпаған жағдайда көлік компанияларымен келісімшарт бұзылады.

Сондай-ақ, бүгіннен бастап қала тұрғындарына 26 бағыт жаңа автобустармен қызмет көрсетуде. Тасымалдаушы көлік компаниясы өз есебінен кең сиымдылықты, Yutong маркалы жаңа 10 автобусты желіге шығарды. Аталған бағыт Барыс базары мен Фосфор ауруханасы аралығында қызмет көрсетеді.

Қала әкімінің Абай ауданына қарасты Қазығұрт, Құрсай және Агроферма шағынауданының тұрғындарымен кездесуінде 34 бағыттың аралық интервалына және олардың ескілігіне шағымдар айтылған болатын. Осыған байланысты 1 мамырдан бастап аталмыш бағытта тасымалдаушы көлік компаниясы 12 автобуспен жолаушыларды тасымалдауда. Қозғалыс сызбасы Қазығұрт шағынауданы мен Клара Цеткин көшесі аралығында ұйымдастырылған.