Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Татарстанның Қазақстандағы Өкілетті уәкілі Денис Валеев және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігі, сауда өкілінің орынбасары Еркен Жакатаевпен кездесті, деп хабарлайды ardak.kz
Татар елінің белді кәсіпкерлер тобын бастап келген азаматтарға, алдымен, алғысын білдірген өңір басшысы бауырлас елдерді байланыстыратын терең тарихымыз бен тілдер ұқсастығы, салт-дәстүрлеріміздің қазіргі ынтымақтастығымыз үшін берік негіз болатынын жеткізді. Түркістанның жаңарып, жаңғырып жатқан тұсында ағайын татар жұртымен өнеркәсіп, сауда-экономикалық, инвестициялық, сонымен бірге, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, туризм, транспорт және қауіпсіздік салаларына IT-технология жүйелерін енгізуде әріптестік орнатуға ынталы екенін меңзеді. Сондай-ақ, Түркістан мен Татарстан астанасы Қазан қаласын бауырлас қалаларға айналдыру ұсынысын жеткізді.
Өз кезегінде, Татарстанның Қазақстандағы Өкілетті уәкілі Д.Валеев Түркістан облысымен көптеген салаларда ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізіп, бауырлас ұлттардың рухани байланысы да беки түсетініне сенім білдірді.
Екі жақты отырыс нәтижесінде, Түркістан облысының әкімдігі мен Татарстанның «БАРС Груп» АҚ арасында инновациялық ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласында ынтымақтастық меморандумы түзілді. Аталған құжат аясында электронды мемлекеттік қызмет көрсетуде инновациялық ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері сынды жәйттер қамтылған.
Айта кеткен жөн, 2017 жылы Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда айналымы 700 млн. АҚШ долларын құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге өскен. Бүгінде қос елдің кәсіпкерлері машина құрастыру, мұнайхимия, әскери-техникалық, көлік-логистикалық салалары аясында әріптестік орнатып келеді. Елордалары – Астана мен Қазан қалалары бауырлас шаһарлары болып табылса, Алматы мен Қазан әріптес қалалар саналады.
Дереккөз:Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі