Президент қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

1616
Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Осы күндері Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады.
Тағылымы мол бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы. Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады. Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптеледі. Сондай-ақ, тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады. Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады. Біз әрдайым қиын сәтте бір-бірімізге қол ұшын созып, қолдау көрсетуге дайынбыз», — делінген Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған Тоқаевтың елді құттықтау сөзінде.
Президент қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтау барысында биылғы ұлттық мерекенің коронавируспен күрес қарсаңына тұспа-тұс келгенін де атап өтті.
«Өкінішке қарай, биыл Наурыз мейрамы әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Пандемияға айналған коронавирустың кеңінен таралуы жаһандық экономикамен қатар біздің елімізге де айтарлықтай зардабын тигізуде. Бүкіл әлем күрделі сынақты бастан өткеруде.
Осыған орай, менің Жарлығыммен 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілді. Мемлекеттік комиссия құрылып, азаматтарымыздың денсаулығын қорғау және еліміздегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Біз ырыс-ынтымағымыздың арқасында бұл қиын-қыстау кезеңнен де сүрінбей өтеміз деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын!», — деп президент ақ тілегін жаудырды.