ШЫМКЕНТ: « ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ЖАЛАҚЫ МӨЛШЕРІ 91 890 ТЕҢГЕГЕ КӨТЕРІЛДІ

1366

Биыл Шымкент қаласында «Жастар практикасы» бағдарламасымен 2098 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ardak.kz. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Әсет Шағдат Әсетұлы брифинг барысында мәлімдеді.
Бүгінгі брифинг барысында орталық директоры Ш.Әсетұлы Шымқаламыздың жастарын «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жұмысқа жолдама алуға шақырды.

«Өздеріңізге белгілі, «Жастар практикасы» елімізде біраз жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды бағдарлама. Еліміз бойынша, оның ішінде Шымкентте аталған бағдарламаға қатысып, мамандығы бойынша жұмысқа жолданып, тұрақты жұмысқа орналасып жатқан жастар өте көп.

Мысалы, 2021 жылы Шымкентте 2500-ден астам жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа жолданған болса, олардың 1300-дейі барған жерлерінде тұрақты жұмысқа орналасқан»-деді спикер.

Спикердің сөзінше, ағымдағы жылы аталған бағдарламамен 2098 жасты қамту жоспарланып отыр. Жыл басынан 1000-нан астам жас жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз жас ретінде тіркеліп, тиісті жұмыс орындарына жолдама алған. Қазіргі таңда олар өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс істеуде.

Брифинг барысында жалпы кәсіптік оқытуларға жолдама беру туралы да сөз қозғалды. Әсет Шағдат Әсетұлы кәсіптік оқытуларға жолдама шілде айының басынан бастап беріле бастағанын айтты. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктерінен шыға отырып 3 ай мерзімді құрап отыр.
Айта кету керек, «Жастар практикасы» — уақытша жұмыс орны есептеледі және оған 29 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде (2020,2021,2022ж) жоғарғы оқу орындары мен колледждердің техникалық және кәсіби білім түлектері қатыса алады.

Бүгінгі таңда бағдарлама жалақысы көтеріліп 91 890 тг.құрап отыр (30 АЕК). Бағдарламаға қатысу мерзімі 12 айға дейін ұзартылған (бұрын 6 ай болатын).