М.ӘЙТЕНОВ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

865

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің тамыз айындағы азаматтарды бірыңғай қабылдауы кезінде Самал-2 шағын ауданы Малқаров көшесінің ақсақалы аумақтың жол, қауіпсіздік, жарықтандыру мәселелерін көтерген болатын.  Бүгін қала әкімі аталған көшеге арнайы барып, тұрғындармен кездесті.

Малқаров көшесінің ұзындығы 1,1 шақырым. Көшеге 2019 жылы асфальтбетон қабаты төселген. Қоғамдық көлікке қатысты, ауданда 9 бағытта жолаушылар тасымалдануда — Арғынбеков көшесі бойынша №37, №133, №146, №149 бағыттағы қоғамдық көліктер. Өтегенов көшесімен №37, №51, №103, №126, №133, №146, №149 бағыттағы автобустар, ал Қазиев көшесімен №37, №92, №133, №141, №149 бағыттағы қоғамдық көліктер. Жарықтандыру жұмыстарының мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында алдымен мектеп, аурухана секілді әлеуметтік мекемелер орналасқан орталық көшелер жарықтандырылатыны айтылды.

Жол қауіпсіздігіне қатысты шағымдарға байланысты бейнебақылау камерасын қою мүмкіндігі айтылып, көше тазалығы мәселесі талқыланды, тапсырмалар берілді. Самал-2 шағын ауданы 100 пайыз ауыз су, көгілдір отын, электр жүйесімен қамтылған. Сапалы интернет желісімен қамту келер жылы аяқталады. Биыл Ризалық, келер жылы Тынышбай ата көшесі жарықтандырылмақ.

Айта кетейік, биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді.