Шымкентте 130-ға жуық мектеп жанынан медиация кабинеті ашылады

742

Шымкент қаласында 126 мектеп жанынан медиация кабинеті ашылады, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, қаладағы инклюзивті білім беру бағытында жұмыс жасайтын жалпы мекемелер саны – 26. Оның ішінде 2021 жылы 4 Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар және 2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 7 логопед кабинеттері ашылған.

Сонымен қатар, басқармаға қарасты Әдістемелік орталықтан «Инклюзивті білім беру» бөлімі ашылды. Арнайы мектеп-интернаттарға 100%-ға пандустар, ішкі есіктер мен әжетханалар бейімдеуден өткізілген. Көру қабілеті бұзылғандар үшін «Брайл» және ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы оқулықтар алынды. 2021 жылы даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен қамту үлесі 50% қамтыды. 2022 жылға қамту жоспары 50%, 2023 жылы — 65% артатын болады. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін 1 Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, 1 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетін ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, 122 логопункт кабинеттері, қосымша 46 логопед штат бірліктері, 126 мектеп жанынан медиация кабинеті ашылады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда қаламызда балалардың қосымша біліммен қамтылуын арттыру мақсатында 3 қосымша білім беру ұйымдары салынуда. Атап айтсақ, пайдалануға беру мерзімдері бойынша: — 2022 жылы 150 орындық 1 өнер мектебі (5 000 баланы қамтитын); — 2023 жылы 500 орындық 1 оқушылар сарайы (9 000 баланы қамтитын); — 2024 жылы 500 орындық 1 оқушылар сарайы (9 000 баланы қамтитын) пайдалануға тапсырылатын болады. Шымкент қаласында өткен жылы жаңадан 25 мектеп ашылды. Нәтижесінде қаладағы мектеп саны 203-ке жетті.

Онда 242 525 оқушы білім алуда. Оның 152-і мемлекеттік, 51-і жекеменшік мектеп. Білім басқармасы тарапынан балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысының қаржы көлемі белгіленіп, қосымша 2 000 баланы қамту ағымдағы жылғы қыркүйек айына жоспарланып отыр.