АҚШ Украинаға тағы 2,98 миллиард доллар әскери көмек береді. Президент Джо Байден Украинаны Тәуелсіздік күнімен құттықтаған кезде осылай деп мәлімдеді.
«АҚШ тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан Украина халқын қолдауға дайын. Бұл міндеттеменің аясында Украинаның қорғаныс күшіне ең ірі траншты көмек көрсетілетінін жариялаймын. Қорғаныс саласына 2,98 миллиард доллар бөлінеді», — деді президент.
Байденнің сөзінше, бұл Украинаға әуеден қорғану жүйесін, артиллериялық жүйелерді, оқ-дәрілерді, дрондарды және радарларды сатып алуға мүмкіндік береді.
«Соңғы алты айдың ішінде украиндардың ерекше ерлігі мен тәуелсіздікке ұмтылысы бүкіл әлемді жігерлендірді. Олар Ресейдің басып кіруіне қайсарлықпен қарсылық танытып жатыр. Бүгін біз өткенді ғана мейрамдаған жоқпыз, Украина егемен және тәуелсіз мемлекет екенін және болашақта да осылай қаларын растап атап өтіп жатырмыз», — деген Байденнің құттықтауында.
19 тамызда Джо Байден Украинаға әскери көмек ретінде 775 миллион доллар бөлу туралы жарлыққа қол қойған. Онда қолдау көрсету пакетіне HIMARS системаларына арналған оқ-дәрілер, 15 Sky Eagle дрон аппараты, радиолокацияға қарсы HARM зымырандары, сонымен бірге танкке қарсы TOW және Javelin кешендері кіретіні хабарланған.
АҚШ Украинаға жалпы 16 HIMARS жүйесін берді. Киев осыған дейін ондаған шақырым қашықтықтан ататын жүйелерсіз Донбассты қорғай алмайтынын, оккупацияланған аймақтарды азат ете алмайтынын айтып келген.