Еңбекші ауданында төрт спорт алаңшасы орнатылады

715

Биыл Шымкент қаласы Еңбекші ауданында 4 спорт алаңша орнату және 5 спорт алаңшаны қайта құру жұмыстары жоспарда бар, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасы аяқталу сатысында. Жұмыстар ағымдағы айдың ІІ-ші жартысында басталады деп күтілуде. Еңбекші ауданында бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа баулу мақсатында 2011-2020 жылдар 85 ашық спорт алаңшасы орнатылған. 2021 жылы 18 спорт алаңшасы орнатылып, жыл қорытындысымен ашық спорт алаңшалар саны 103-ке жетті.

Айта кетейік, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл қаламызда бюджет есебінен 3 спорт нысанының және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса, Абай ауданында — 25, Әл-Фараби ауданында — 9, Еңбекші ауданында — 11, Қаратау ауданында — 6 спорт алаңшаның құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жалпы алғанда 51 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада жалпы 346 алаңша бар. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласының төрт ауданында орналасқан спорт алаңшаларында әр аптаның жексенбі күндері «Аула чемпионаттары» ұйымдастырылуда. Аталған спорттық іс-шараға 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен сынға түсуде.

Атап айтар болсақ, балалар асық ату, ләңгі тебу, баскетбол, футбол, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдырудан жарысады. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталады. Бүгінгі күнге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында 24 спорт алаңшада «Аула чемпионаттары» өткізілді. Осы өткізілген спорттық іс-шараларға 1500 ден астам балалар қатысып, 120 ға жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды. «Аула чемпионатын» жыл соңына дейін 124 спорт алаңшаларда өткізу жоспарлануда.