«Қазақстанда үш АЭС салу жоспарланған»

920

Алматыдағы Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде «Қазақстанда АЭС не үшін салынуы керек?» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. 

Бұл мәселе бұған дейін де сан мәрте талқыланды. «АЭС салу керек пе, жоқ па?» деген сұрақтың қойылып жүргеніне де талай жыл. Алайда «таза атом энергиясы болмаса, бүкіл экономикамызды жоғалтамыз» деген президент Тоқаев атом электр станциясының құрылысы қажеттігін айтып жүр.

«Еліміздің энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шұғыл шешуіміз керек. Мен бір нәрсені түсінбеймін. Неге кейбір жауапты тұлғалар атом электр станциясының құрылысына қатысты сұрақтан дипломатиялық түрде қашады? Оны ашық айтуымыз керек. Кәсіби тұрғыда атом энергетикасының пайдасын түсіндірген жөн», – деген пікірінде.

Іле-шала атом электр стансасы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылының аумағына салынатыны белгілі болды. Қазір құрылысына 11 млрд АҚШ доллары кететін «АЭС-ты қай мемлекет салады?» деген сауалдың басы ашық. Бұл арнайы байқау негізінде анықталса, 2023 жылы құрылысы басталып, 2035 жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Мамандардың айтуынша, екі блоктан тұратын жоғары қуатты АЭС-те 2000 адам жұмыс істеп, ғылыми-техникалық тұрғыдан жоғары білікті кадр әлеуетінің артуына ықпал етеді. Сондай-ақ, мемлекет қоржынына түсетін салық түсімдері 2,5-3 млрд АҚШ долларынан асады деп болжанған.

NEGE тілшісі дөңгелек үстелге жиналған мамандардың пікірін білді.

Алмас Саухимов, АЭжБУ ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректоры:

АЭС Курчатовта, Маңғыстау өңірінде де салынуы керек

– Елімізде электр энергиясы тапшылығы қатты сезіліп жатыр. АЭС салу туралы талқылау 2012 жылдан бері басталып, енді ғана тоқтамға келдік. Бізге бәрібір тұрақты энергия көзімен қамтамасыз ететін атом электр станциясы керек.

Бізде көмір, атом, жаңартылған энергия көздері, газ бар. Ең тиімдісі – АЭС. Оны салу үшін бізде бәрі бар. Уран қоры бойынша әлемде екінші орынды аламыз. Сондықтан Үлкен ауылынан бөлек, болашақта екінші АЭС-ті Курчатовта, үшіншісін Маңғыстау облысында салу жоспарланған.

Біз оқу орнында кадрлар дайындау үшін 2019 жылы оқу бағдарламасын жасадық. Қазір бізде 4 институт бар. Бүкіл салада ғылыми жобалармен жұмыс істейміз. Ендігі мәселе – инженерлік кадрлар тобын жасақтап, біліктілігін арттыру керек. Осы тұрғыда арнайы жүйе қалыптасуы керек.

Азамат Ысқақов, Ядролық физика институы нейтронды физика зертханасының аға ғылыми қызметкері:

Бұл салаға деген сұраныс енді артады

– Егер АЭС салынса, Ядролық физика институты қандай көмек бере алады? Біріншіден, институтта Қазақстандағы жалғыз реактор жұмыс істеп тұр. Онда 70-тен астам жоғары білікті маман еңбек етуде. Дәл сол мамандар болашақта салынатын АЭС-те жұмыс істеуге дайын. Себебі, тәжірибе бар.

Қазір жоғары оқу орнын бітірген мамандардың 30 пайызы ғана сала бойынша жұмыс істейді. Өкінішке қарай, мемлекетте толық база жоқ. Институт саны аз. Ядролық физика институтында 500 маман жұмыс істесе, Курчатовта 400-дей. Екі институтта бар-жоғы мың адам. Бұл салаға деген сұраныс енді артады. Сондықтан АЭС таза электр көзін өндіріп қана қоймай, ғылыми-тәжірибелік базаны көтереді. Тіпті, технократтық дәуірге осы жоба арқылы енетін шығармыз.

Асуан Сиябеков, «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері:  

Қарастырып жатқан 3+ буындағы реактор

– Мемлекет басшысы Қазақстандағы АЭС салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Қазіргі таңда біздің мекеменің атқарып жатқан шаруасы көп. 2018 жылы техникалық-экономикалық негіздеменің маркетингтік бөлімін әзірледік. Онда АЭС қуаты, орналасу аумағы жазылды.

Біз жазда Түркиядағы Аккуя АЭС-не бардық. 4 энергоблогы бар атам станциясының бірінші энергоблогы келесі жылдан бастап іске қосылады. 1200 мбт энергиямен бүкіл Түркияны қамтамасыз етпек. Бұған дейін жергілікті халық та қарсы болды. Қазір көзқарасы өзгерген. Тұрғындар жұмыспен, инфрақұрылымдық нысандармен қамтылды.

Бізде жұрт әлі АЭС салудан қорқады. Әрине, Фукусимадағы, Чернобыльдағы апат үрей ұшырды. Алысқа бармай-ақ, Семей полигонының зардабын тартқандар көп. Сондықтан халықты да түсінуге болады.

Алайда, оның бәрі жағатын отынға, яғни уранның үлесіне байланысты. Егер Семей полигонындағыдай қолданатын атом жарылысында 90 пайыз болса, АЭС-те бұл көрсеткіш 4,5 пайызға тең. Яғни, ешқандай жарылыс қаупі болмайды деген сөз. Оның үстіне біз қарастырып жатқан 3+ буындағы реакторлар. Бұл Фукусимадан кейін шыққан. Бұлар балқып кетпейді, радиоактивті қалдықтар сыртқа шығып кету қаупі жоқ, сумен жанаспайды. Сол себептен қорқудың қажеті жоқ.

P.S. Әзірге АЭС-ті қай мемлекет салатыны белгісіз. Бірақ мамандар қай жағынан да Ресей ыңғайлы дегенді айтады. Себебі, «Росатом» өз елінен бөлек, шетелде де 21 реактор жобасын салуды өз мойнына алған. Содан ба екен, Қазақстаннан да қыруар қаржы сұраған көрінеді.