Түркістан облысында бірнеше шенеуніктің үйі мен жұмыс орнына тінту жүргізілді

607

Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының (бұрынғы облыстық білім басқармасы – ред.) басшысы мен оның орынбасарлары және бөлім басшысының үйі, жұмыс орны мен қызметтік көлігіне тінту жүргізілген. 

Облыстық соттың дерегінше, облыстық тергеу соты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өтінішхатын қараған. Онда облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, оның орынбасарлары Нұржан Нұрлыбев пен Бауыржан Ахметов және бөлім басшысы Жандос Маханбетовке жүргізілген тінтудің заңдылығын қарап беру сұралған.

«Тергеу сотына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті аталған қызметкерлердің үйін, жұмыс орнын, қызметтік көліктерін тінтудің заңдылығын тексеру туралы материал түсірген. Сот тінтуді заңды деп тапқан. Тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат берілмейді» деді облыстық соттың баспасөз қызметі Orda.kz тілшісіне.

Аталған шенеуніктерді тінту себебі, олардың үстінен іс қозғалған, қозғалмағаны белгісіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті бұл іске байланысты ресми хат жолдауды сұрады.

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы  тінту жүргізілгенін растады. Қазіргі уақытта басқарма басшысы Дінислам Болатханұлы, оның орынбасарлары Нұрлыбев пен Ахметов және бөлім басшысы Маханбетовтің жұмыста екенін мәлімдеді.