Мырзағали АЙТЖАНОВ: Мен – ТҮЗУ жолмен жүретін ЕСКІ қазақпын

3039

Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында қазақ боксшылары ерлеп, елдің абыройын асқақтатты. Кеше  Қазақстан боксшылары президенттің қабылдауында болды.

NEGE тілшісі ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановқа хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан еді.

– Мырзағали Құланұлы, Ташкентте бокстан өткен әлем чемпионатында жігіттер 4 алтын мен 1 күмісті қанжығаға байлағанына дүйім жұрт куә болды. Әр қазақтың кеудесін мақтаныш кернеген жеңіс құтты болсын дейміз…

– Көп рақмет! Барша қазақ еліне құтты болсын!

– Сіз 2009-2018 жыл аралығында ұлттық құраманың бас бапкері болдыңыз. Одан кейін біраз уақыт үзіліс алып, осы жылдың қаңтар айында бұрынғы қызметке қайта келдіңіз. Бұл нәтиже аз уақытта көп тер төкеннің жемісі ме?

– Бірінші кезекте команданы дұрыс іріктеу, екіншіден, жоспарды дұрыс құру. Яғни, кімге қай жерде шабуыл жасау керек, тактика мен техниканы орнымен қолдану деген сөз.

Мен келгелі үш-төрт ай болды. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Бәйгедегі атты зорықтырса не болады? Дұрыс дайындамаса, алысқа шаба ма? Спортшылар да сондай.

Оларды дұрыс дайындап, баптау керек. Оның да күнделікті мөлшері бар. Зорықтырып жіберсең, шаршайды, тың болмайды. Бұрын 9 жыл істеп кеткеннен кейін мұның бәрін жақсы меңгергенмін. Әуелі бұрын өзіммен бірге жұмыс істеген, командаға көмектескен ғылыми топтың жетекшісін алдырдым. Сол сияқты білікті маман, тәжірбиелі аға жаттықтырушы Марат ЖӘКИЕВТІ шақырдым. Одан бөлек бұрын болмаған маман физиолог қосылды.

Сондай-ақ физикалық дайындығымызды күшейту үшін кезінде Украина бокс­шылары Ломаченко, Усик секіл­ді Олимпиада чемпиондарын даяр­ла­ған жаттықтырушы Донатас ЯНУШЕВИЧУС АҚШ-тан арнайы шақырттық. Мұның бәрі жаттығуға жаңашылдық қосу үшін. Ал боксты үйрететін – жаттықтырушы. Бірақ олардың денсаулығына, психология, физиология жағына жауап беретін мамандар қатарын толықтыру керек болды. Команданың Ташкентке жақсы дайындықпен барғаны соның арқасы.

– Ташкентке барған қанша жігіттен жеңіс күттіңіз?

– Команданы жасақтағанда біріне толық сенім білдіреміз, енді бірінің «шеберлігі әлі шикілеу» екенін біліп отырамыз. Бірақ олардың аты-жөнін айтудың қажеті жоқ. Жаттықтырушы ретінде бәріне бірдей қараймыз. Өзіміз іштей 7-8 медаль аламыз деп бардық. Шын мәнінде, біреуінің бағы жанады, біреуі бабында болады. Бабы мен бағы бірдей жанса – керемет. Кей жігітке бақ жетпеді, жолы оңынан тумай, жеребе жолдас болмады. Жалпы, ешкімге кінә жоқ. Бәрі шамасы келгенше өзін көрсетті.

– Әлеуметтік желіде «Бұл әлем чемпионатына шетелден мықты боксшылар келе алмады, сондықтан да біздің жігіттердің жеңіс тұғырынан көрінуіне мүмкіндік болды» деген пікірлерді көзіміз шалды…

– Кейде өзімізді өзіміз кемсітіп, өз халқымызға қарсы сөйлеп кетеміз. Олар қандай пиғылмен айтатынын білмеймін. Негізі қай спорт түрі болсын, қазақстандық қай ұлт болсын еліміздің туын желбіретіп, әнұранын шырқатып жатады, соған елжіреп, риза боламын. Ал өзіміздің қаракөздеріміз шығып, осындай жетістікке жетіп жатқан кезде әлгіндей пікір айтатындарды кім деуге болады? Тіпті, солардың деңгейіне түскім де келмейді. Кейбір елдерде қандай да бір жолмен алып жатса да, әуелі елінің туы желбіреп, намысын қорғағанына риза. Ал бізде жігіттер жеңіп жатса, кемшілік іздеп шығады.

Украинадан боксшы келмесе не болады? Оларда атақты екі-ақ бокшы бар. Сосын Ұлыбританиядан келмеген шығар. Бұл елдің боксшылары әлем чемпионатында жүлде алмады. Бәлкім, АҚШ-ты айтып отыр ма? Иә, олар келген жоқ. Жалпы, әлем елдерінің түгелге жуығынан келді.

Бұл чемпионатта Сербияға қарағанда бәсекелестік өте мықты болды. Неге десеңіз, алдағы олимпиадаға бір-ақ жыл қалды. Әр ел өз спортшысын шыңдайды. Егер бұл чемпионат олимпиададан кейін өтсе, оңайырақ болар еді.

Жағымпазданғаным емес, өзбек ағайындарға да алғысымды білдіремін. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырды. Ал соның ішінде қазақ жанкүйерлеріне бас иіп, рақметімді айтамын. Оны сезіну керек. Жылап жіберуге болатын тәтті сәт. Үйде отырып, тақымын қысып, жанкүйер болған қаншама адам бар. Бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен телефон нөмірімді тауып алып, хабарласып жатыр. Жүрегі бар адам соған елжірейді, қуанады, мақтанады. Ауызбірлікті осы әлем чемпионатында көрдім. Мұның бәрі жігіттерге күш-жігер берді. Олар да сенімді ақтауға тырысып, рингке жауапкершілікпен шықты.

– Мұндай ерекше сезімге бөленгеніңіздің себебі арада үзіліс алып, тың серпінмен оралғаныңызда ма?

– Менде қашанда үлкен жауапкершілік болды. Ал қазіргі жауапкершілік одан да күшті. 39 жасымда келдім, қазір де қартайып тұрған жоқпын. 9 жыл 3 ай ұлттық құраманың бас бапкері болдым. Үзіліс алу да керек шығар. Кәдімгідей ми да тынығып қалды. Кейбір сөз қылатын, көреалмаушылық ортадан алыстадым. Сол кезде менің кеткенім біреулерге керек болған шығар.

Қайта-қайта «ұзақ істеп жатырсың, басқалар да болсын да» деп айта бергеннен кейін «жарайды, алыңдар осы қызметті» деп өз еркіммен өтініш жазып кеттім.

Аллаға шүкір, жеке бапкер болып та жетістіктерге жеттім. Себебі, бұл – сүйікті ісім. Облыста жүріп те әлем, олимпиада чемпионын дайындап жүрдім. Менен кейін ұлттық құраманың бас бапкері Токио олимпиадасында сәтсіздікке ұшырады. Сосын маған ұсыныс түскенде бірден қабылдаған жоқпын. Бірақ артынан келістім.

– Сіз Сәкен Бибосыновтың жеке бапкерісіз ғой. Токио олимпиадасында Қамшыбек Қоңқабаев екеуі қоланы місе тұтты. Бұл жерде кінә бапкерден бе, боксшыдан ба?

– Спортшыларды бапкер дайындайды. Токиода меселіміз қайтып келгеніне бір жыл бойы спортшыларға күнтізбе жасаған адам жауап береді. Команда нашар болса – менің кінәм. Боксшы ұтылып қалса да біз жауап береміз. Дайындығы мен тәртібі дұрыс болмаса, ол да біздің сұрауымызға жатады.

 Сол кезде Белоруссия президенті А.Лукашенко спортшыларына: «Егер турист ретінде барсаңдар, аямаймын», – деген еді. Бәлкім, бізге де сондай талап қою керек шығар? Тіпті, бокстан ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов «боксшыларды үлкен дода алдында қажетті-қажетсіз жерыстарға апарып саламыз, тынықтырмаймыз» деген…

– Жалпы, спортшылар байрақты бәсекелерге жеңу үшін барады ғой. Енді жолы болмай қалуы мүмкін. Оларды анда-мындағы жарысқа қатыстырудың да жөні бар. Кейде бұл да керек. Оның әңгімесі көп.

 Әлемдік додаларда көрсеткішіміз төмен болса, тиісті министрлікті кінәлаймыз. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Әрине, бәрі жауапты. Бұл өзі жүйелі түрдегі жұмыс қой. Өзім келгелі бері байқағаным, барлық жағдай жасалып жатыр. Қаңтар айынан бастап бүкіл командаға спорт киімі берілді. Оқу-жаттығудан қалмаймыз. Шетелде қандай жарыс өтсе, қатысамыз.

Министрлік қана емес, бокс федерациясы да қолдайды. Бұрын істеген 9 жылда да дәл осындай болған, қазір де солай. Басқалар үшін жауап бере алмаймын. Бір кедергілер болса, кем-кетікті өзімізден іздедік.

 Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев бұл жолы да жүлдесіз қалды. Бірақ «Бибосыновты жеке бапкері ретінде жарыстарға тықпалай береді» деген де пікір бар. Не дейсіз?

– Қай жерге тықпалаппын? Ол мен бас бапкер емес кезде Токионың қола жүлдегері атанды. Бибосынов – әлем чемпионы. Ол осы чемпионатта ғана медаль ала алмай қалды. Соған бола сондай пікір айта ма?

Үйінде отырып, аузына келгенді оттай беретіндерге не деуге болады? Айта берсін, жаза берсін. Өз басым жұмысымды істеп, жетістік көрсетемін.

Оны да біреу көріп қуанады, енді бірі негатив пікір айтады. Интернет қолданбаймын, әлеуметтік желіні қалай қолданатынын да білмеймін. Мен – түзу жолмен жүретін ескі қазақпын. Өсек тыңдамаймын.

 Президентке биылғы Азия ойындары мен келесі жылы Парижде өтетін олимпиадада ел намысын абыроймен қорғауға уәде етіпсіз.

– Сәтін салса, Токио Олим­пиа­да­сында кеткен есе­мізді Парижде қайтарамыз.