Президент жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекет басшысы қыркүйек айында жарияланатын Қазақстан халқына Жолдауында елдің экономикалық саясаты туралы өзінің көзқарасын баяндауды жоспарлап отыр.
«Біз мүлдем жаңа бағытқа көшу үшін Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін беруіміз керек. Жауапты тарихи сәт келді. Демек Қазақстан экономикасы да қазіргі деңгейде қала алмайды. Сөзсіз солай боларына сенімдімін. Үкіметтің міндеті – тиісті ұсыныстар беру. Бұл – бірінші. Екіншіден, осы ұсыныстарға сәйкес дайындалатын жоспарларды іске асыруға кепілдік беру. Бірақ мен жаңа экономикалық модельді іске асыруға және дайындауға қатысты көзқарасымды жасырмаймын», – деді президент.
Тоқаев жақында Жоғары экономикалық кеңестің отырысын өткізгенін еске салды.
«Ашығын айтқанда, сол жиында отандық экономистерді сынға алдым. Менің ойымша, олар істі соңына дейін жеткізе алмайды. Креативтілік жоқ. Біздің және жалпы мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді түсінбейді. Халық бізден нақты шешімдер күтеді, өйткені ең өзекті мәселелерді шешу қажет. Халқымыздың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету еліміздің экономикасының даму тұжырымдамасына қатысты біздің ұстанымымызға тікелей байланысты. Мұны түбегейлі шешімдерсіз еңсеру қиын. Біз еліміздің экономикалық дамуына тың серпін беруге бағытталған осы өте маңызды жұмысқа бірге кірісуіміз керек», – деді мемлекет басшысы.