Шайынды суды тазарту кешенін ұлғайту жобасы басталды

1198

Шымкент қаласында су құбырлары желісін және кәріз жүйесін жаңарту, қайта қүру мәселесін қаланы сумен қамтып, шайынды су бойынша қызмет көрсетуші «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС инвестиция тарту арқылы жүзеге асырып отыр. Қазір қалада ауыз су тасымалданатын, таратылатын 1900 шақырым құбыр болса, соның 1100 шақырымы жаңартылып, жөнделді. Бүгінде шайынды суды тазарту кешенін ұлғайту құрылысы қолға алынған. Мегаполистегі стратегиялық нысандарының бірі ретінде бүл құрылысқа үлкен маңыз беріліп отыр.

Жоба жүзеге асқан шақта кешен тәулігіне 200 мың мЗ шайынды суды тазарта алады. Бүгінде бұл көлем 150 мың мЗ-ді құрайды. Тұтынушылардан жиналатын сарқынды суға қар, жаңбыр суын қосқанда шайынды суды тазарту, қайта өңдеу ісі күрделене түсетіні анық. Мегаполистегі демографиялық өсім, ішкі көші-қон ісінің жандана түсуін ескерсек, тұтынушылар саны да уақыт өткен сайын артуда. Бұл жағдайда шайынды суды сүзгіден өткізу кешенін кеңейту күн тәртібіндегі мәселе. Бұл соңғы жылдары қанатын кеңге жайған Шымкенттің, әсіресе, қаланың солтүстік бөлігінде бой көтерген көпқабатты үй тұрғындары үшін де тиімді. Мысалы, бір ғана «Шымкент Сити» мен Тұран шағынауданында тұратын халық саны қазір 80 мыңнан асып барады.

Айта кету керек, биыл бюджет есебінен салынып, пайдалануға берілетін кәріз жүйесіне «Самал-1», «Самал-2», «Солтүстік-Батыс», «Қайтпас-1», «Ақжайық» шағын аудандарында, Гидролизный, Ворошиловка, Чапаевка тұрғын алабындағы 41 мыңнан астам жеке үйлер қосылуға дайын отыр. Яғни, осы аумақтан кәріз жүйесіне қосылатын 265 мың тұтынушы жалпы тұтынушылар санын тағы да арттыра түседі деген сөз.

Жаңа жобаға негіз болып отырған дәйектер аз емес. Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің «Жасыл қалалар» бағдарламасы шеңберінде Еуропалық банк Шымкент қаласының кәріз жүйелері кешенінің қуатын 50 мың текше метрге ұлғайту жобасын мақұлдаған. Мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасы да бар. 2022 жылы Шымкент қалалық әкімдігі мен банк арасында келісім шарт жасалды. Жобаның жалпы құны 3,9 млрд. теңгені құрайды. Оның 1,8 млрд. теңгесі ЕҚДБ тарапынан несие ретінде, тағы 1,8 млрд. теңгесін ҚР Үкіметі мемлекеттік қолдау субсидиясы ретінде бөліп отыр. Кешен кұрылысы 2024 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Орындаушы «Сарыағаш Аман» ЖШС.

ardak.kz