Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков № 2 Оқушылар сарайына барып, аралап көрді.
Қосымша білім беруді дамытуға арналған Оқушылар сарайы биыл шілде айында пайдалануға берілді. Балаларды қабылдау «Mindal24.kz» электронды порталы арқылы жүзеге асырылуда.
Қазір мұнда 5 000-ға жуық бала тәлім алады. Олар 6 бағыт бойынша 65 үйірмемен қамтылған. 232 оқу кабинеті қарастырылған. Атап айтқанда: биотехнология, бағдарламалау, 3D модельдеу, практикалық физика, химия мен робототехника, гидропоника, КИП және автоматика, ағаш өңдеу, қыш өнері, фото-видео монтаждау, драма, сенсорлық, лингвистика кабинеттері мен медиа-зал жұмыс істеп тұр.
Барлық үйірме заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Қосымша футбол, баскетбол, волейбол алаңдары да бар. Негізгі басымдық ғылыми технологияны дамытуға беріліп отыр.
Қала әкімі үйірмелерді аралау барысында Оқушылар сарайының жауапты басшылық құрамына мемлекет берген мүлік пен ішіндегі құрал-жабдықтарды тоздырмай, күтіп ұстау қажеттігін баса айтты.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі