Бүгін Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев «OŃTÚSTIK» телеарнасында «Таң нұры» сазды-ақпаратты таңғы бағдарламасының тікелей эфирінде қонақта болып, Съезд қорытындылары мен кәсіподақ қозғалысындағы жаңа серпін туралы ой бөлісті.
Эфир барысында ол Астанада өткен ҚРКФ XXVII Съезінің тарихи маңызына, ондағы қабылданған нақты шешімдерге және кәсіподақ қозғалысының жаңа серпінге бет алғанына тоқталды.
«Бұл съезд – жай есеп беру алаңы емес. Бұл – еңбек адамына бағытталған жаңа саясаттың бастауы. Әділ еңбекақы, қауіпсіз жұмыс орны, әлеуметтік әділеттілік – біздің басты бағытымыз. Кәсіподақтар енді жаңа деңгейде әрекет етеді», – деді Бауыржан Әлтеев.
Сондай-ақ, ол съезд шешімдерінің Шымкент қаласы кәсіподақ ұйымдарының қызметіне де тікелей қатысы бар екенін атап өтті. Ендігі міндет – еңбек қатынастарын цифрландыру, әлеуметтік қолдауды күшейту, жастар мен әйелдердің кәсіподақ белсенділігін арттыру.
2025 жылғы 11 шілде күні Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезі – еліміздің кәсіподақ қозғалысы тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды.
Съезд жұмысына Қазақстанның барлық өңірлерінен 227 делегат, сондай-ақ әлемнің 40-тан астам елінен мәртебелі халықаралық қонақтар қатысты.
Жиында 2020–2025 жылдар аралығындағы жұмыс қорытындыланып, алдағы бес жылға арналған даму стратегиясы қабылданды.
Съезд аясындағы негізгі шешімдер:
— ҚРКФ Жарғысына толықтырулар енгізілді
— Бас кеңес пен Ревизиялық комиссия жаңартылды
— Сатыбалды Даулеталин ҚРКФ Төрағасы болып бірауыздан қайта сайланды
— Кәсіподақ жүйесін жаңғыртуға арналған жаңа комиссия құрылды
— Съезд Резолюциясы қабылданды
Халықаралық еңбек ұйымы, кәсіподақ конфедерациялары мен еңбек сарапшылары Қазақстан кәсіподақтарының жаһандық еңбек күн тәртібіне белсенді қатысуын жоғары бағалады.
Съезд қарсаңында, 9–10 шілде күндері Астанада Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі (ХКК БЕАК) ұйымдастырған Халықаралық Жазғы мектеп өтті.
«Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия» тақырыбындағы бұл мектепке 40-тан астам елдің кәсіподақ көшбасшылары мен халықаралық еңбек сарапшылары қатысты.
Қазақстан атынан Сатыбалды Даулеталин бастаған делегация, жастар мен әйелдер қозғалысының белсенділері қатысып, тәжірибе алмасты.