Шымкент қаласындағы «Көрме орталығында» Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры – ЮНИСЕФ пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «Еріктіліктің рөлі мен балалардың құқықтарын ілгерілетуге арналған» шағын құрамда кездесу өтті.
Кездесуге ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл, қала әкімінің уақытша міндетін атқарушы Айдын Кәрімов, білім беру және құқық қорғау саласының мамандары, сондай-ақ белсенді жастар мен еріктілер қатысты.
Кездесуді ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жастар арасында еріктілік қызметін дамыту, балалардың құқықтарын қорғауға қоғам назарын аудару және оны шешуге жастарды да қатыстыру.
Кездесуде осы бағытта сөз алғандар аталған мәселелерді іске асыруда қалалық әкімдік тарапынан қолдау көрсетілуін ұсынды. Өз кезегінде сөз алған қала әкімінің орынбасары А. Кәрімов ЮНИСЕФ ұйымының балалар мен жастардың құқығын қорғау бағытындағы маңызды рөлін атап өтіп, қалалық әкімдік тарапынан халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ЮНИСЕФ-пен бірлескен жобаларға үнемі қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сонымен бірге кездесуге қатысушы жастар да еріктілік қозғалысын кеңейту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын сақтау бағытындағы ұсыныстарымен және идеяларымен бөлісті.
Ал ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл де «Балалар мен жастардың құқықтарын қорғау – біздің ортақ мақсатымыз. Шымкенттегі бұл кездесу – сол жолдағы сенімді қадам», – деді.
Кездесудің қорытындысы бойынша, қатысушылар балалардың құқықтарын қорғау, жастар арасында еріктілік қызметін насихаттау және бұл мәселелерді шешуде қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін бірқатар шараларды ұсынды.
Қала әкімінің орынбасары А. Кәрімов ЮНИСЕФ-тің балалар құқығын қорғау саласындағы атқарып отырған жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар, жастардың белсенділігі мен еріктілік қозғалысының қаладағы әлеуметтік процестерге қосар үлесін арттыру мақсатында жаңа бастамалар мен бағдарлама жобалары әзірленетін болады. Бұл кездесудің нәтижелері Шымкенттегі балалар мен жастардың құқықтарын қорғау бойынша маңызды қадамдарға негіз болады деп күтілуде.