«AMANAT» ПАРТИЯСЫ ДАЙЫНДЫҚТЫ НАЗАРДА ҰСТАП ОТЫР

141
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бастаған жұмысшы топ бірқатар білім беру мекемесінде болып, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты.
Зерделеу жұмысына партия филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қаратау аудандық филиал төрағасы Бауыржан Кеңесұлы, Еңбекші аудандық филиал төрағасы Таймас Қамбатыров және қалалық білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова қатысты.
Жұмысшы топ ең алдымен №53 Сабыр Рақымов атындағы жалпы орта мектепке барды. 900 оқушыға арналған бұл білім ұясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп әкімшілігі жаңа оқу жылына толық дайын екенін айтқанымен, тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталды.
Атап айтқанда, мектептегі жедел күзетшілік көмек тетігі жұмыс істемейтін болып шықты. Бұл мәселеге қатысты Мұрат Жолдыхожаев:
«Бұл өте маңызды дүние. Мектепте кез келген оқиға туындаған жағдайда балалар мен ұстаздардың қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруы тиіс. Сондықтан бұл жүйені тез арада іске қосу қажет», – деп нақты тапсырма берді.
Сонымен қатар, өрт сөндіру құрылғыларының пайдалану мерзімі өтіп кеткені анықталып, жауапты тұлғаларға тиісті ескертулер жасалды. Қауіпсіздік – білім беру мекемелеріндегі басты талаптардың бірі екенін ескерткен жұмыс тобы бұл мәселелерді шешуді бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Одан кейін жұмысшы топ 1200 орынға арналған №55 жалпы орта мектепке барды. 15 жыл бұрын салынған бұл ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Тексеру нәтижесінде мектеп жұмысына оң баға берілді.
Осындай зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бұл – «AMANAT» партиясының ел болашағы саналатын жас ұрпақтың сапалы білім мен қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасау жолындағы нақты қадамдарының бірі.
Жұмысшы топтың білім беру мекемелеріне жүргізген тексеруі, әсіресе мектептердегі қауіпсіздік шаралары мен дайындық деңгейіне айрықша көңіл бөлінгенін көрсетеді. №53 мектептегі жедел күзет жүйесінің жұмыс істемеуі мен өрт сөндіру құралдарының мерзімі өтіп кетуі – мектеп қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелер. Осы кемшіліктердің уақытында реттеліп, жаңа оқу жылына дейін толық шешімін табуы қажет. №55 мектептің заманауи құралдармен жабдықталуы мен оқу процесінің жақсы деңгейде ұйымдастырылуы да назардан тыс қалмады. Бұл шаралар «AMANAT» партиясының білім сапасы мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарып жатқан нақты қадамдары болып табылады. Алдағы уақытта да осындай тексерулер мен мониторингтер арқылы білім мекемелеріндегі кемшіліктер уақытылы анықталып, тиісті шаралар қабылданады.