«Shymkent Marathon – 2025» бұқаралық сайысының жеңімпаздары анықталды

11

Шымкент қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауқымды спорттық шара – «Shymkent Marathon – 2025» өз мәресіне жетті. Биылғы жылы аталған бұқаралық жүгіру жарысына 7 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, спорт мерекесі жоғары деңгейде өтті. Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар, салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары мен қонақтары белсенді түрде атсалысты.

Марафон барысында қатысушылар түрлі қашықтықтар бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, 5, 10, 21 және 42 шақырымдық жүгіру, скандинавиялық жүріс және Экиден (42 шақырымдық командалық эстафета) бағыттары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Әрбір дистанция қатысушылары үшін барлық қауіпсіздік талаптары мен ұйымдастыру шаралары толықтай қамтамасыз етілді. Жарыс бағыты дәстүрлі түрде Әл-Фараби алаңынан басталып, сол жерде өз мәресіне жетті.

Іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жарыс барысында еріктілер, медициналық қызмет өкілдері, полиция қызметкерлері мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуші мамандар жұмылдырылып, қатысушылар мен тұрғындар үшін қажетті жағдайлар жасалды.

Марафон қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан ақшалай сыйлықтар, кубоктар және бағалы естелік сыйлықтар табыс етілді. Әсіресе, командалық Экиден эстафетасы мен ұзақ қашықтықтағы жүгіру жарыстары көрермендердің ерекше қызығушылығына ие болды.

«Shymkent Marathon» бүгінде Шымкент қаласының ғана емес, еліміздегі ең ірі бұқаралық спорттық іс-шаралардың біріне айналып отыр. Жыл сайын оның ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді. Бұл марафон тек кәсіби спортшылар үшін емес, денсаулықты басты орынға қойған барша тұрғындарға, әр жастағы спорт сүйер қауымға ортақ мерекеге айналғанын көрсетеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі жылы марафон жаңа форматта өткізіліп, бұдан да жоғары деңгейге шығару жоспарлануда. Шымкент марафоны – салауатты өмір салтының, бірлік пен достықтың жарқын үлгісі.