Төрткүл әлемге танымал ұлы ақын, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы Александр Сергеевич Пушкиннің дүниеге келгеніне биыл – 220 жыл, ал осы ақын атындағы Түркістан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына – 120 жыл толып отыр. Осы айтулы қос мерейтойға орай Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы 19 аудан-қала бойынша ұзақ мерзімді 120 іс-шара жобасы аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасында «Мәңгілік ел» әдеби-мәдени, таным-тағылымдық шығармашылық бірлестігі – балалар кітапханасында» атты апталықтың қорытынды іс-шарасы өтті. Оған Шымкенттегі А. С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №19 және №78 жалпы орта білім беретін мектептерінің ұстаздары мен шәкірттері қатысты.
Мақсат – оқырмандардың рухани жандүниесін байыту, орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкиннің шығармаларын кең көлемде дәріптеу, насихаттау және А. С. Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының жүріп өткен шығармашылық жолымен таныстыру еді. Сонымен қатар оқырмандарды кітапты сүйіп оқуға, мәдениеттілікке, әдемілікке тәрбиелеу және рухани-эстетикалық тәрбие беру көзделді. Абай Құнанбаев және А. С. Пушкин шығармаларының тәрбиелік мән-мағынасын ашу, ондағы өмір шындығын таныту, оқушылардың есте сақтау қабілетін дамыту, білімділік және біліктілік дағдыларын арттыру, адамгершіліктің асыл қасиеттеріне баулу да ойда болды.
Кітапханашы ретінде өзім сөз сөйлеп, ұлы ақын, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы А. С. Пушкиннің шығармашылығына тоқталып өттім. 2018 жылдың қазан айында А. С. Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы Түркістан облысының бас кітапханасы болып жарияланғанын айттым. Арыс қаласындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Роза Сұлтанәлиеваның А. С. Пушкин атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының 120 жылдық мерей- тойына жазған арнауын Шымкенттегі Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының 7 ә сынып оқушылары – Санжар Серік, Аяжан Аббас, Нұрасыл Тұрғанбай, Дина Орал орындады. Өз дәуірлерінің қос ұлы ақыны – Абай Құнанбаев пен А. С. Пушкиннің бір-бірімен шығармашылық жақындығы, рухани үндестігі жайлы айтылды. Ұлы Абайдың А. С. Пушкин шығармаларын қазақ тіліне өзге шетел ақындарына қарағанда әрі көп, әрі сапалы аударғаны баршаға белгілі. А. С. Пушкиннің «Евгений Онегині» Абай көңіліне тіпті жақын келгенін, олардың Евгений мен Татьяна хаттарын аудару арқылы қазақ жағдайындағы соған ұқсас тағдырлар мұңын жоқтағаны сөз етілді. Кейіннен көрермендер №78 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Жания Алпамыштың үш тілде жасаған «Онегиннің сипаты» буктрейлерін тамашалады.
Іс-шара өз жалғасын тауып, Абай шығармашылығында елеулі орын алатындардың бірі – поэмалары екенін, Абай өзіндік жаңа поэмаларын туғызғанын, Абай бұл жолды Байрон мен А. С. Пушкиннен таңдап алғаны айтылды. А. С. Пушкиннің «Сығандар» поэмасында Бессарабияны ен жайлап жүрген сығандар өмірі бейнеленсе, Абайдың «Ескендірінде» Македония шаһарын мекендеген Ескендірдің өмірі бейнеленетініне тоқталды. №78 жалпы орта білім беретін мектептің 7 б сынып оқушысы Медет Мұратбек Абайдың «Ескендір» поэмасын толығымен мәнерлеп оқып берді. А. С. Пушкин сан алуан жанрлық түрлерді еркін меңгергенін, олардың қайсысын қолға алса да үлкен көркемдік шеберлік танытқаны мәлім. А. С. Пушкин өзін «балалар жазушысы» деп есептемегенімен, оның ертегілері тіпті де кішкентайларға арналып жазылмағанымен тағдырдың жазуымен бұл шығармалар Ресейдің ұлы кемеңгері мен балалар арасын жалғайтын алтын көпірге айналғаны айқын. А. С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының төртінші сынып оқушысы Ақмаржан Убайдулланың орындауындағы А. С. Пушкиннің «Свет мой, зеркальце скажи» атты ертегісі бойынша монологын тыңдады. Іс-шара соңында Өзбекәлі
Жәнібеков атындағы №19 жалпы орта білім беретін мектебі «Болашақ» хорының орындауында «Мәңгілік ел» әні шырқалды.
Аталмыш кітапхана директорының міндетін уақытша атқарушы Ақбөпе Сағынтайқызы Байділдаева қорытынды сөз сөйледі. Ол кезекті эстафетаны Сайрам аудандық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне табыстады.
Әсия СӘБДЕНҚҰЛОВА,
Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасы.
Шымкент қаласы.