Алматы әкімінің орынбасарына айыппұл салынды

266

Түрксіб ауданының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерін заңсыз тексерген әкімдіктің лауазымды тұлғаларын жауапқа тартты.

Алматы прокуратурасының мәліметінше, қала әкімі орынбасарының тапсырмасы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу барысында аудан әкімдіктерінің қызметкерлері өз өкілеттіктерінің шегінен шығып кәсіпкерлерден құжаттарды заңсыз негізде ұсынуды талап еткен.

— Мұндай әрекеттер заңнамаға қайшы келеді, себебі тексерушілерде бизнестен құжаттаманы талап ету үшін құқықтық негіздер болмаған. Тексеру жүргізу тәртібін бұзу фактілері бойынша аудан әкімдері аппараттарының 6 лауазымды тұлғасы ҚР ӘҚБтК-нің 175-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылды. 25 материал бойынша 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, — деп хабарлады прокуратура.

Бұдан басқа Алматы қаласы әкімінің орынбасарына ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабымен кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.

— Қазіргі уақытта барлық айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді, — деп хабарлады прокуратура.