Түркістан: Өңірді газдандыру жұмыстары күшейтіледі

1171
Түркістанда «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы тұрғындарды газбен қамту ісін жеделдету жөнінде мәжіліс өткізді. Жиында құрылыс жұмыстары 2016-2018 жылдары аяқталып қойса да, табиғи газға қосылмаған нысандардың мәселесін шешу, газ тасымалдаушы мекемелердің жұмысын ширату жолдары талқыланды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі таңда Түркістан  облысындағы 843 елді мекеннің 385-і (45,7 %) немесе 1072 ,9 мың тұрғыны (54,3 %) табиғи газбен  қамтамасыз етілген. Облыста 2018 жылға дейін бюджет есебінен жалпы 223 нысанда 5,6 мың шақырымнан астам газ жүйелерінің және 12 автоматты газ тарату стансасының құрылыстары жүргізілген. Оған қоса, былтыр қосымша 42 елді мекенде газ нысандарының құрылыстары жүргізу тапсырылған.  Дегенмен, 2016-2018 жылдары құбырлардың құрылысы аяқталған 78 елді мекен көгілдір отынға  қосылмай отыр. Бұл тұрғындарды алаңдатады.
Мәжілісте облыстық мәслихат депутаттары, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшылығы осы мәселе төңірегінде өз ұсыныстарын ортаға салды.  «ҚазТранГазАймақ» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы да бұл бағытта жұмысты ширататын болды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов елдің талап-тілегін уақтылы орындап, үйлеріне газ кіргізу жұмысын жандандыру керектігін жеткізді.
«Тұрғындар тарапынан газ түйткілдеріне қатысты шағымдар мен өтініштер жиі түседі. Яғни, кемшілік бар деген сөз. Сондықтан бәріміз бірлесіп, «көгілдір отын» мәселесін жедел шешуіміз қажет. Бұл партия бақылауында болады. Партияның облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы жыл есебінде осы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Алдағы уақытта облыс аумағын және Түркістан қаласын 100 пайыз газдандыру бағытында жұмыстар күшейтіледі», — деді Н.Жолдасов.
Айта кетейік, ағымдағы жылы Түркістан қаласы тұрғындарының 60 пайызға жуығы табиғи газбен қамтылады. Ал, 2020 жылы қала толығымен табиғи газға көшеді. Бұл туралы қала әкімі Әліпбек Өсербаев мәлімдеген болатын.
«Қаланы газбен қамту үш кезеңмен жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңнің жұмыстары бойынша 10518 абонентке газ құбыры жүргізіліп,  43 мыңға жуық қала тұрғынына табиғи газ берілді. Бүгінде екінші және үшінші кезеңнің құны 20 млрд 271 млн теңгені құрайтын 11 жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталды», -деді қала басшысы.

Түркістан: Өңірді газдандыру жұмыстары күшейтіледі