2015 жылы Тәжікстан президентінің резиденциясы ең әдемі резиденция болып мойындалды. Бұл тізімге Қазақстан президентінің Ақ Ордасы мен Түрікменстан басшысының «Оғызхан» сарайы да енген болатын. Олай болса, Орталық Азия президенттерінің резиденцияларына тоқталып өтелік. Президенттер ол жерде жұмыс істейді, кейбірі тұрады.
Тәжікстан
«Кохри Милат» сарайының құрылысы 2000 жылы басталып, 2008 жылдың тамызында аяқталды. Ол уақытта Душанбеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті өтіп жатқан. Ғимарат 6 қабаттан тұрады, онға жуық конференция залы бар.
Ғимарат ішінде қалаға қарайтын бірнеше қысқы бақ бар. Сонымен қатар резиденция ішінде президентке арналған бөлмелер мен жаттығу залы бар.
Ғимарат құрылысымен итальяндық Rizzani de Eccher компаниясы айналысты. Сол себепті құрылыс материалдары көбіне Италиядан әкелінген. Мәселен, еден мен қабырғалар Carrerf атты итальяндық мәрмәрмен жасалған.
Касри Миллатқа туристер мен қарапайым азаматтар кіре алмады, тек сыртынан бақылап кете алады. Оның өзінде ауласынан емес, ғимаратқа қарама қарсы тұрған Рудаки саябағына көре алады.
Қазақстан
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы әлемдегі ең әдемі бестіктің қатарына кірген.
Резиденция құрылысы 2001 жылы басталып, 2004 жылы аяқталды. Биіктігі – 80 метр, бірінші қабатының биікті – 10 метр. Ішінде 1800 шаршы метрді құрайтын орталық салтанат залы, сонымен қатар қысқы бақтар мен пресс-конференциялар өтетін залдар бар. Ал екінші қабатында жұмыс істейтін кеңселер орналасқан.
Үшінші қабатында халықаралық дәрежедегі түрлі шаралар өтеді. Сонымен қатар, мемлекет басшылары құжаттарға қол қоятын Мәрмәр залы, кездесулер өтетін Алтын зал, келісімшарттар жасалатын Сопақша зал бар. Бұған қоса қонақтар бөлмесі, Қауіпсіздік Кеңесінің залы, Шығыс және өзге де түрлі залдар осы үшінші қабатында орналасқан.
Сонымен қатар түрлі мемлекеттердің басшыларына арналған жиналыстар өтетін Күмбезді зал да бар. Кітапхана мен отырыс сағаттары өтетін залдары да бар. Ақ орданың әр залының өзіндік ерекшелігі бар.
Ақ Орда – жабық ғимарат. Президент резиденция ішінде болмаған уақыттарда экскурсиялар болып тұрады.
Түрікменстан
Гурбангулы Бердімүұхамедовтің «Оғызхан» сарайы алғашқы президенттің резиденциясының жанында орналасқан.
Резиденция құрылысы үш жылға жалғасты. Bouygues француз компаниясы құрылысын 2011 жылы аяқтады.
Орталық залы құрметті қонақтарды қарсы алуға арналған. Екі жақты келісімдер Алтын залда өтеді. Ал кең көлемдегі келісімдер Горку тата залында, үкіметаралық келісімдер мен құжаттарға қол қою шаралары Сельджук хан залында, БАҚ-қа арналған пресс-конференциялар Байран хан, мәдени шаралар Махтумкули залында өтеді.
Өзбекстан
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің жаңа резиденциясы Ташкент облысы Байтұрған ауылында орналасқан. Оның құрылысы үшін ондаған үй қиратылып, үй иелеріне компенсация төленген. Көшелер кеңейтіліп, айналасына шыршалар отырғызылды.
Шавкат Мирзиеевтің жаңа резиденциясының аумағы бірнеше гектардан тұрады. Ғимараттың іші аргентиналық көгілдір мәрмәрмен әрі Swarovski кристаллынан жасалған. Резиденцияның құрылысымен Өзбекстан президентінің үлкен күйеу баласы Ойбек Турсунов айналысты.
Ал резиденцияның ашылуы президенттің туған күнінде, яғни 2017 жылдың 24 шілдесінде өтті. Жаңа резиденция Мирзиеевтің жұмыс орнынан 26,5 шақырым қашықтықта орналасқан.
Қырғызстан
Ала-Арча резиденциясы 2012 жылы салынды. 2016 жылы ТМД елдері басшыларының саммиті үшін резиденция ішінде Қабылдау үйі ашылды. Оның дизайны киіз үйге ұқсатып жасалған. Аумағы 1,5 мың шаршы метрді құрайды.
Ғимарат екі деңгейден тұрады. Ғимараттың төменгі қабаты екі жақты кездесулерге арналған үлкен залдан тұрады. Қабылдау үйі 500-ге жуық адамға арналған. Онда түрлі шаралар өткізіледі. Мәселен, ресми қабылдаулар, жиналыстар, пресс-конференциялар. Ғимарат 8 тілде синхронды аударма жасалатын кабинамен жабдықталған.