Сенатордың інісі парамен ұсталды

965
Өмірзақ ШӨКЕЕВ Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалған күннің ертеңіне Түркістан облысы әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы парамен ұсталды.
Түркістан өз алдына облыс болғалы басқарма басшысының парамен ұсталуы алғаш рет кездесіп отыр. Төтенше оқиғаның өңірде әкім ауысып, абыр-сабыр болып жатқан кезбен тұспа-тұс келуі, әрине, кездейсоқтық.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Түркістан облысы бойынша департаментінің арнайы жедел іздестіру шаралары барысында облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы және аталған басқарманың лицензиялау бөлімі басшысына қатысты парақорлық фактісі анықталды. Оларға серіктестік директоры орынбасарының жәрдемімен Б. деген азаматтан лицензия үшін 380 мың теңге көлемінде жүйелі негізде пара алып отырған деген күдік келтіріліп отыр, деді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин баспасөз мәслихатында.
Қазіргі уақытта басқарма басшысы және директордың орынбасары уақытша ұстау абақтысына қамалған. Кінәсін толық мойындауына байланысты бөлім басшысы бостандыққа жіберілгенге ұқсайды. Тергеу амалдары басталған.
Бізге белгілісі, Түркістан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметін Рахмет БЕКТАЕВ деген азамат атқарып келген. Ол бұл қызметке 2017 жылдың қазанында тағайындалған болатын. Бұған дейін Р.Бектаевтың жаман аты шықпаған, бұрын қаржы полициясында лауазымды қызметтер атқарған. Жұртшылық оны сенат депутаты, бұрынғы облыс әкімінің орынбасары, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевтың інісі ретінде де біледі.
Дереккөз:zhasalash