Маминнің хоккейіне бір маусымда 3 653 490 000 теңге жұмсаймыз

1022
Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) — 2008 жылы құрылған Еуразиядағы халықаралық ашық хоккей чемпионаты. 2009 жылдан бастап Еуропадағы ең үздік лига саналады. 2018/19 жылғы маусымға жеті елден 25 команда қатысты. Біздің елдің атынан елордалық «Барыс» хоккей клубы өнер көрсетуде.
Шайбалы хоккей қазақ қоғамына сәл таңсық спорт. Бірақ солтүстіктегі көршіміз аса сүйіп айналысатын спорт түрі болғандықтан, солардың әсерімен біз де бұл саладан бәсіре алсақ деп үміттеніп жүрміз. Өз ұлтымыздан, өз елімізден мықты ойыншы шықпаған соң, өз елінде аса құрметке бөлене алмаған шетелдік ойыншыларға жаппай азаматтық бердік. Сол сансыз легионерлердің арқасында ұлттық құрамамыз бен астаналық «Барыс» халықаралық турнирлерде тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Бірақ, арасында өз ұлдары болмаған соң бәрі-бір қазақ қауымының махаббатына бөлене алған жоқ бұл спорт.
Құрлықтық хоккей лигасының ережесіне сай, биыл қазақстандық клубқа легионер саны жағынан шектеу болған жоқ. Құрамын тек легионерлермен жасақтаса да өз еркі. Ал ресейлік клубтар ойын хаттамасына тек бес шетелдік хоккейшіні ғана тіркей алады. Бұл өз ойыншыларының деңгейін көтеру үшін жасалып отырғаны сөзсіз. Ал «Барысқа» бұндай шектеу жоқ. Осындай ала қойды бөле қырыққан ереженің әсерінен биыл «Барыс» сапында 8 легионер және біздің елдің азаматтығын алған Ресей, Канада, АҚШ және Швеция елдерінің 11 ойыншысы өнер көрсетті.
Қазақ жұртшылығы бокс пен күрестей ұнатпаса да хоккейге бөлінетін қаржы шаш-етектен. Жақында ресейлік «Чемпионат» порталында ҚХЛ клубтарының 2018/19 жылғы маусымға арналған бюджеті (келісімшаттар + бонус) жарияланды. Біз ел білетін футболдағы қырауар қаржыға наразылық танытып жүргенде, ел білмейтін хоккей спорты да ешкімге білдірмей миллиардтарды жұтып жатыр екен.
«Барыс» хоккей клубының соңғы екі маусымдағы бюджеті мынадай: 
Өткен маусымда: 3 450 840 000 теңге;
2018/19 жылғы маусымда: 3 653 490 000 теңге.
Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин. Бір қызығы, мамандар Асқар Ұзақбайұлы Үкімет басшысы болғалы хоккей көптеген басылымның сүйікті спортына айналғанын айтуда. Бұған дейін «Барыстың» ойындарына аса мән бермейтін отандық басылымдар соңғы кездері төбеге көтере бастады. Мәселен, кеше Гагарин кубогының алғашқы кезеңінде жеңіске жеткен «Барыс» бірқанша республикалық ірі басылымның бас тақырыбына шықты. Сөз соңында «жаны қалмай жалпы мақтап жатқан» сол жеңіс жайлы жаза кетейік.
22 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты мәресіне жетті. Құрамында қаптаған шетелдік спортшылар өнер көрсететін «Барыс» Шығыс конференциясында екінші орын иеленіп, Плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Гагарин кубогы деп аталатын бұл кезеңде жалпы 16 команда өнер көрсетеді. Шығыс, Батыс конференциясының әрқайсысынан сегізден. Екі конференцияның өкілі тек финалда ғана жолығады.
Сонымен Шығыс топта екінші орын алған елордалық клубтың алғашқы қарсыласы жетінші орын алған Нижний Новгород қаласының «Торпедо» командасы болды.
Сериядағы бірініш және екінші матч 26 және 28 ақпан Астанада өтті. Екі ойында да қарсыласынан басым түскен қазақстандық команда 2:0 есебімен алға шыққан, Алайда, 2 және 4 наурыз күндері Нижний Новгородта өткен қос кездесу жалпы есепті 2:2-ге жеткізді.
Турнир жарғысына сай командалар 6 наурыз күні Астанада қайта жолықты. Бұл жолды да жергілікті команда басым болып, есепте қайта алға шыққанымен, 8 наурыз Ресейде өткен алтыншы матч есепті қайта теңестірді — 3:3. Сөйтіп, жеңімпазды анықтау үшін шешуші, жетінші матч өткізуге тура келді. Бұл жұпта «еленген» (ҚХЛ-да жоғары орын алған) «Барыс» шешуші ойынды өз алаңында қабылдады. Кеше, 10 наурызда Астанадағы «Барыс Аренада» өткен кездесуде 3:2 есебімен айдын иелері жеңіске жетті.
Осылайша, жеті ойынның қорытындысы бойынша 4:3 есебімен жеңіске жеткен «Барыс» Гагарин кубогының ширек финалына шықты. Келесі қарсыласы — Омбының «Авангард» командасы. «Авангард» 1/8 финалда Қазан қаласының «Ақ Барс» командасын жеңген, енді 1/4 финалда қазақстандық нақ «Барысқа» жолығып отыр.
«Авангард» ҚХЛ тұрақты чемпионатында төртінші орын алғандықтан, бұл жұпта да сәл басымдылық «Барыс» жағында. Демек, сериядағы алғашқы екі матч және жоғардағыдай жеңімпазды анықтайтын жетінші кездесді өз алаңында қабылдайды. Бұл кезеңдегі негізгі ойындар 14, 16, 18, 20 наурыз күндері, егер қажет болған жағдайда қосымша ойындар 22, 24 және 26 наурызда өтеді.
Жартылай финал:
«Шығыс» конференциясы: 29, 31 наурыз, 2, 4 сәуір күндері, егер қажет болса қосымша ойындар 6, 8 және 10 сәуірде өтеді.
Гагарин кубогының финалы: 13, 15, 17, 19 сәуір күндері, егер қажет болған жағдайда қосымша матчтар 21, 23 және 25 сәуір күндері өтеді.
Қуаныш Қаппас