Жанармай мен газ бағасын қымбаттату кімге тиімді?

728

Әлем бойынша табиғи газ энергия қуатының 57%-ын беріп отыр. Алдағы жылдары Қазақстанда да отынның бұл түріне сұраныс артады. Бірақ елде газ өңдейтін зауыттардың тапшы болуына байланысты Үкімет сұранысты қанағаттандыруға әзірге дайын емес секілді.

Мұнай сервистік компаниялар одағының басшысы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, елімізде 2018 жылы 140 мың көлік қана газбен жүрген болса, биыл бұл көрсеткіш 350 мыңға жетіп отыр. Әсіресе, қала ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер жаппай газға ауыстырылды. Байқағанымыздай, жылдан жылға халықтың ішінде табиғи газға сұраныс артып келеді.

«Бұған қоса, ауылды елдімекендерді газдандыруға Үкімет басымдық берді, жоспар да жасап қойды. Бірақ, ең маңыздысы елде газ өңдейтін зауыттар санаулы ғана. Газды қайдан, қалай алатынына ешкім бас қатырған жоқ. Бұл мәселе енді алдымыздан көлденеңінен шығып отыр. Маңғыстаудағы «ҚазақГазӨңдеу» зауыты кеңес заманынан бері келе жатқан, әбден тозығы шыққан, 40 жылда қирап-тозған. Маңғыстаудағы мұнаймен бірге келетін ілеспе газды басында зауыттағылар қайда жіберерін білмей бостан босқа өртеді. Кейін батыстық инвесторлар келген кезде қалай тиімді пайдалану керек екенін көрсетіп берді. Яғни, газдың тегін келіп жатқанын тұрғындар жақсы біледі. Сол үшін де бағаның екі есе артуына наразы болды», − дейді ол.

Ресми мәлімет бойынша, жақын уақытта елдің ішкі нарығындағы газды тұтыну көлемі өсіп, 2025 жылға қарай 25,7 миллиард текше метрге, 2030 жылға қарай 30,2 миллиард текше метрге жетеді деген ақпарат бар. Өйткені, газ бағасы өзге энергия көздеріне қарағанда арзан әрі экологиялық жағынан таза. Осы ретте, сұранысты қанағаттандыруға Үкімет қаншалықты дайын деген сауал туындайды.

«Қазіргі елдегі мұнай-газ саласындағы жағдай Үкіметтің есебінің кем екенін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта көпке созбай газ мәселесіне қатысты мемлекеттік бағдарлама енгізу керек. Әрине қазір бірден, газ салуға мемлекет ақша бөлмейтіні анық. Бірақ инвестор тарту, олардың ақшасын үнемдеу, үйрену мәселесіне мән беру маңызды. Себебі, инвестор келіп кететін адам. Ал, біз сол салынған зауыттың мүмкіндігін меңгеріп алуымыз керек. Шынын айтқанда, өз телефонымыздың толық мүмкіндігін пайдалана алмай жүргенде үлкен зауыттарға күшіміз қайдан жетсін. Үкімет елдің батысында болған жағдайға байланысты 6 айға ғана газдың бағасын бекітті. Бірақ бұл жерде алалау бар. Мысалы, Маңғыстауда газ 45 теңге болса, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында баға 70 теңгеге дейін барады. Ертең шығыстағы жұрт ет бағасын, орталықтағылар астық бағасын батыста екі есе қымбаттау керек дейді. Өйткені, газ мәселесіндегідей тасымалға байланысты баға артады. Бұл мәселені шешу үшін Бейнеу-Алашаңкөл сияқты құбырларды бірден орталық пен батысқа қарай орнату керек. Сонда тасымалға кететін шығын азаяды», − дейді Р.Жақсылықов.

2020 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы мұнай-газ өңдеуші компаниялардың газ өндіру көлемі 55,1 миллиард текше метр болды. Бұған қоса, 10,1 миллиард текше метр газ электр энергиясын шығару және жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да технологиялық қажеттіліктері үшін қолданылды.

«Біздегі газдың тең жартысынан астамы сыртқа сатылады. Газ өндіретін Ақсайдағы Қарашығанақ кен қойнауындағы газ тасымалдайтын құбыр Омбыға бекітілген. Яғни, газ сол жерде өңделеді. Бұл кеңес кезінен қалған сарқын. Бір экономика деген қағида болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінде ірі өңдеу зауыты болмаған соң бұл жүйе сол күйінде қалды», — дейді сарапшы.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, елдегі мұнай мен газ бағасына: мұнай өңдеу қызметі, салық пен акциз, зертханалық зерттеулерге және қоспаларға арналған шығыстар, банк несиелеріне қызмет көрсету, резервуарларды жеткізу-тазалау және тауарды тасымалдау бағасы кіреді.

Осы ретте, тасымал құнының шарықтауына мұнай өңдеу зауытынан жанар-жағармай құю бекетіне дейінгі аралықта делдал санының артуы себеп болып отыр.

«Біздегі шағын газ өңдейтін зауыттар өнімді елдің ішкі нарығына сатқаннан гөрі, шетелге 4 есе қымбат бағаға сатқанды артық көреді. Бұл нарық заңдылығы. Ал дамыған елдерде мұнай өңдейтін зауыттарда тікелей мұнай өндіруші операторлар өздері барып сатып алады. Баға дүниежүзілік сауда нарығымен бекітіледі. Мысалы, бүгін мұнай баррелі 87 доллар болса, нарықта сол бағамен саудаланады. Ал бізде мұнай өңдеу зауыты мен жанармай құю бекетіне дейін қаншама делдал бар. Әркім өз ойына келген бағаны қояды. Кейбір жерде 18 делдалға дейін барған кезі болды. Есептесек, әрқайсысы 1 теңге қосқан күннің өзінде баға 18 теңгеге қымбаттайды», − дейді Р.Жақсылықов.

Еліміздегі ірі мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртудан өткеннен кейін ішкі нарықтан 24%-ға артық бензин шығаруға қабілетті болды. Сөйтіп, бензин импорты 32 есе төмендеді. Бірақ бұл ішкі нарықта бағаның арзандауына емес, қымбаттауына алып келді. Себебі, мұнай өндіруші компаниялар ішкі нарыққа мұнайдың 30%-дан 50%-ға дейін өзіндік құны бойынша, атап айтқанда, 25-30 АҚШ доллары шегінде жеткізіп отырды. Ал жоғарыда министрлік атаған жанармай бағасының қалыптастыратын факторлар есебінен жанармайға 11-14% құн қосылады. Бұл соншалықты көп емес. Ал автожанармай құю станцияларының маржасы немесе таза пайдасы литріне небәрі 1-3 теңгеге жетеді. Яғни, іс жүзінде кәсіпорындар ішкі нарықтың бензинге деген жоғары сұранысынан айтарлықтай табыс тауып отыр.

«Көрші елдермен салыстырғанда бізде жағармай бағасы арзан екені рас. Бірақ соны Кедендік бақылау қадағаламай отыр. Мысалы, Ресейдің ауыр жүк тасымалдайтын камаздары Қазақстанға келген кезде «қызылын жандырып», жанар-жағармайын «0-ге» түсіріп келеді. Өйткені, бізден арзанға алады. Кейбіреулері үлкен етіп бак жасап алған. Бұл үшін оларды контрабандист деп айта алмаймыз. Олар да пенде, қай жерде арзан сол жерден барып алады. Бірақ Үкімет осындай дүниелерді ескеру керек. Өйткені, бұл жағдайдың соңы дефицитке, ол бағаның қымбаттауына алып келеді. Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдер арасында 2025 жылы газ бен мұнайға бір баға болу керек. Бұл талаптан біз бас тарта алмаймыз себебі, Еуропаға Қазақстан 57 мың тонна мұнай жібереді. Германиядағы әр 3 литр бензиннің 1 литрі Қазақстандікі деп мақтанамыз. Осы ретте айта кететіні, мұнай тасымалдайтын екі құбыр Ресей шекарасы арқылы өтеді. Біз Еуропаға шығу үшін Ресейдің портын пайдаланып отырмыз. Егер көрші одақтас елдің бағаны бірдей белгілеу туралы талабын орындамайтын болсақ, біз үшін Еуропаға шығатын жол жабық. Өңделген 90 млн тонна мұнайдың 57 мың тоннасы тек Еуропаға кетеді десек, Ресей портынсыз оны ұқсата алмаймыз», − дейді сарапшы.

Алып-сатарлықты азайту, ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында газ бен бензин саудасы ETS тауар биржасында жүргізілді. Бастапқы кезеңде елде өндірілетін бензиннің шамамен 10%-ы биржа арқылы сатылатын болды. Кейін оның көлемі 15-20%-ға дейін ұлғайды. Бірінші сессия басталғаннан бері сауда-саттық нарыққа қатысушылар тарапынан жоғары сұраныс көрсетті. Алғашқы жеті сессияда 19 мың тонна АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин сатылды. Бұл отын бойынша жалпы айналым 4 млрд теңгеден асыпты. Нәтижесінде сауда аптасында отын құны 169 мың теңге болған бастапқы бағасынан 39%-ға, тоннасына 234,9 мың теңгеге дейін өсті. Яғни литріне 125 теңгеден 174 теңгеге дейін. Тиісінше, жанармай құю станцияларындағы бөлшек сауда бағасы да өсті. Экономика ғылымдарының кандидаты, ардагер мұнайшы Мендеш Салиховтың айтуынша, мұнай мен газды биржада сату бәз біреулердің қалтасын қампайтуға бағытталған қадам.

«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын деген бар. Біздің қоғамда әсіресе, мұнай саласында мұнайшы болып көрмеген, өндіріс орындарында аяғы тимеген экономист, заңгер сияқты мамандар басшы болып отыр. Олар шын мәнінде бұл саланың кем кетігін білмейді. Экологияны басқарған адамға келесі күні энергетика саласының тізгінін ұстата салады. Балық басынан шіриді демекші, өзінің не істеп не қойғанын білмейтін басшы, артына ергендердің соры емес пе? Батыстағы газ бағасының қымбаттауы ең алдымен осы саланы басқарып отырғандардың дұрыс жұмыс істемегенін көрсетеді. Жүйе жоқ, бөлінген қыруар қаражаттың есебі жоқ. Мұнай мен газды биржада сату дегенге мүлде қарсымын. Себебі, бұл бұған дейін қоймасын толтырып қойған делдалдардың ғана оң жамбасына келетін тәсіл. Қолдан дефицит жасау», − дейді М.Салихов.

Соңғы жылдары Қазақстан Үкіметі бәсекелестік ортаға өту үшін 2015 жылы АИ-92 бензиніне, ал 2016 жылы дизель отынына бағаны мемлекеттік реттеу алынды. Ал өткен жылы мұнай өнімдерінің биржалық сауда механизмі іске қосылды. Ал бірінші сауда сессияларында бензин бағасының қалай өскені нарыққа қатысушылардың әлі есінде. 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт бойынша мұнай мен мұнай өнімдеріне ортақ баға қалыптасады. Яғни, көрші елдермен салыстырғанда ең арзан саналатын жанармай құны Қазақстанда айтарлықтай өседі деген сөз. Биржадағы сауда, мұнай өңдеу зауыттарының жылда жөндеуше жабылуы, қолдан жасалған дефицит алдағы бағаның еселеп көтерілуіне дайындық ретінде жасалып отырған қадамдар.

azattyq-ruhy.kz