Сенатор Ақылбек Күрішбаев: «Жалған статистика ауылдағы нақты жағдайды көрсетпей отыр»

1123

Бүгін сенат отырысында ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына қатысты депутат Ақылбек Күрішбаев бірнеше мәселе атап өтті.

«Ауылдағы отбасылардың кейбірі «шықпа жаным шықпа» деп күн көруде. Мәселе – жалған статистиканың ауылдағы нақты жағдайды көрсетпеуінде. Біз бір топ сенатор үкімет басшысына ресми органдар ұсынған бояма сандардың ауыл өмірінің шындығына сәйкес келмейтінін қаншама рет айтып келдік. Статистика деректері бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны 181 мың адам немесе 4,7%. Бірақ іс жүзінде жұмыссыздық халықтың бағын ашпас соры болды», — дейді ол.

Сонымен қатар, сенаторлардың аудандар мен ауыл тұрғындары арасында жүргізілген арнайы әлеуметтік сауалнама нәтижесіне назар салды.

«Ауылдықтардың басым көпшілігі жұмыстың жоқтығын басты мәселе деп атады. Сауалнама көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қалай өмір сүруге болады? Жылдан-жылға ауыл халқының қалаларға көшуі ұлғаюда. Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек. Ауылдардан бір сәтте халықтың көші-қоны басталса, біздің қалаларымызға не болмақ? Егер ауылшаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ? Ауылдық аймақтардың ахуалын реттеу экономикалық қана емес, ел үшін саяси стратегиялық маңызды, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатысты күрделі мәселе. Осыдан бір жыл бұрын сенатта ауылдық аймақтарды дамыту бойынша парламенттік тыңдау өткізіп, оның қорытындысына сәйкес үкіметке нақты ұсыныстар берілді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл ұсыныстардың негізгі тармақтарының ешқайсысы орындалған жоқ. Ықпалды парламент, үкімет осылай тыңдауы керек пе? Неге үкімет сенатқа құлақ аспайды?» деген депутат «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да дұрыс жұмыс істемей жатқанын тілге тиек етті.

«Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасына, яғни «Ауыл – ел бесігі» жобасына жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Егер бізде осы стратегиялық маңызды мәселе бойынша дербес бағдарламалық құжат болмаса, ауылды басымдықпен қалай дамытамыз?! Екіншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері Ұлттық экономика министрлігінің қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру ұсынылды. Өйткені өндірісті дамыту және ауылда жұмыс істейтіндер үшін қолайлы жағдай жасау – таразының екі жағындай ішкі байланыстағы мәселелер. Нақтырақ айтсақ, кез-келген ауылды дамытудың негізінде ауылшаруашылығы өндірісі жатыр. Ауылда болып жатқан жағдайдың мәнін түсінбегендіктен, Ұлттық экономика министрлігінің ауылдық елді-мекендерді дамыту әлеуетін айқындау кезінде экономиканы емес, халықты жұмыспен қамтудың мәселесіне емес, демокрацияны бірінші орынға қоюына алып келді. Үшіншіден, ауылдық жердегі және ауыл шаруашылығындағы басты проблемалардың бірі – кадрлардың тапшылығы. Ашығын айту керек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тиісті түрде жұмыс істемейді және онда көзделген мемлекеттік қолдау шаралары қайта қарауды талап етеді. Сенаторлар ауыл жастары үшін жоғары білімнің қолжетімсіздігін үкіметтің назарына бірнеше рет жеткізді. Жақында бейбіт митингтерге шыққандардың көпшілігі ауылдан келіп, лайықты білім мен жұмыс таба алмаған жастар болған жоқ па?!», — деді ол.

Қорытындылай келе, сенатор депутаттық сауалда Білім және ғылым министрлігіне ауылдық квоталарды ұлғайтуды, яғни 30 пайыздан 50 пайызға дейін жеткізуді ұсынды.