Түркістандық мәдениет қызметкерлері Бекзат Саттархановты еске алды

1749
Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен даңқты боксшы Бекзат Саттархановтың туған күніне орай «Бекзат – жарқ еткен жұлдыз» атты еске алу шарасы өтті.
Күллі әлемге Қазақстан атын танытып, мезгілсіз сөнген Бекзаттай ел перзентінің әкесі Сейілхан мен Сырлыкүл ананы түркістандық  жасұландар дәліз жасап  қарсы алып,  өлең-жыр оқып, мәдениет үйінің әншілері әндерімен қарсы алды.
Сахнада «Бекзат- жарқ еткен жұлдыз» сөзімен Бекзаттың тұлғалы бейнесі көрініп, Бекзат жайлы дайындалған бейнематериал көпшілік назарына ұсынылды.
Шараны қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ибрагимов Жанболат Амангелдіұлы ашып Бекзаттың ата-анасына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Жиынға арнайы келген Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, кезінде Қазақстан құрама командасының бас бапкері болған Еділов Тұрсынғали Нұржақыпұлы Бекзатпен бірге Сидней олимпиадасына барған сәтіндегі естеліктерімен бөлісті.
Ер Бекзатты еске алу кеші аясында қазақтың батыр ұлына арналған әндер орындалып, жас ақындар өлеңдерін оқыды.

Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі