Сәдібек Түгел үгіт-насихат жұмыстарын түнгі клубтан бастады

1170
«Ұлы Дала қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысынан ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел елордадағы үш түнгі клубта өткізілген қоғамдық рейдке қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сәдібек Түгел биылғы жастар жылында жас буынның бос уақытын қалай өткізетіндігін көзімен көріп, оларға адамгершілік пен ізгілік жайлы, отансүйгіштік, елдік мәселесі тұрғысында сөз қозғады.
ҚР Президенттігіне үміткер, қоғам қайраткері, журналист-жазушы ұлттық ат спорты ойындарының негізін қалаушы Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасында басым бағыттардың бірі жастардың ұлттық құндылықтарды ұлықтауға негізделгендіктен мұндай іс-шаралардың өткізілуі маңызды деп санайды.
Жастармен сөйлескен кезде ол бос уақытты тиімді пайдалану мен көңілді өткізудің де қажеттігіне тоқтала келе, жастар қоғамның қозғаушы күші болғандықтан ар-намысты бәрінен биік қою қажет деп түйіндеді.
Айта кетсек, бүгін Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасын жария еткен болатын.
Еске сала кетсек, кеше ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа келіп, қызметкерлермен кездескен болатын.
Ал, ҚР Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбеков ресми сайтында сайлауалды тұғырнамасын жариялады.
Сонымен қатар, кеше «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды штабында жиын өтті. Онда президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков өзінің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.
Үміткерлер халықпен кездесіп, дауыс жинау үшін үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен. Атап айтқанда, «Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаева Алматы базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесті.
Ал Әміржан Қосанов сайлауалды штабымен Солтүстік Қазақстанды аралап жүр.