Биыл Төле би ауданында 6 мектеп салынады

1828
Төле би ауданында мектептердің тапшылығына байланысты халық тығыз орналасқан елді мекендерде 6 білім ұясы салынатын болады. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ауданға ұйымдастырған пресс-туры барысында БАҚ өкілдері Киелітас ауылында бой көтеріп жатқан М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған білім ұясының жобасында акт залы, спорт залы, асхана, шеберхана, кітапхана салу жоспарланған. Нысанның конкурстық құны 324 млн 985,5 мың теңге. Жоспар бойынша мектеп жаңа оқу жылына қарай пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда, абаттандыру, құрал-жабдықтарды орнату, ішкі және сыртқы тазалық жұмыстары жүргізілуде.
null
Сондай-ақ заманауи үлгідегі мектептің бірі Леңгір қаласында салынады. Ондағы №1 мектеп-гимназиясына 300 орындық оқу блогы, асхана, шеберхана, спорт залы, акт залы, кітапхана қарастырылған. Жобаның құны — 803 млн 932, 2 мың теңге.
null
Сонымен қатар, аудан орталығындағы №5 мектеп гимназиясына оқу блогы, асхана, спорт залы, кітапхана және шеберханамен қамтылған жаңа ғимарат салынып жатыр. Жобаның жалпы құны — 429 млн 066, 9 мың теңге.
«Ал Ақбастау ауылында 200 орындық орта мектебінің құрылыс жұмыстары басталды. Нысанның құны 701 млн 680, 5 мың теңге. 2019 жылға облыстық бюджеттен құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға 200 млн теңге қарастырылған. Бүгінде нысанның жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Көксәйек ауылында 100 оқушыға шақталған бастауыш мектебі бой көтереді. Құрылыс жұмыстарының конкурстық құны 257 млн 213, 9 мың теңгені құрайды. 2019 жылға аудандық бюджеттен құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға 50 млн теңге қарастырылды», — делінген облыс әкімдігінің мәліметінде.
null
null
Аудандағы алтыншы нысан Аққұм ауылында салынады. Қ.Тыныбеков атындағы орта мектепте спорт залы салынатын болады. Құрылыс жұмыстарының конкурстық құны — 164 млн 173, 6 мың теңге. 2019 жылға аудандық бюджеттен құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға 50 млн теңге көзделіп отыр.
Айта кетейік, жалпы ауданда 67 мектеп бар. Онда 25 900-ден астам оқушы білім алады.