Үкімет Түркістанды дамыту бойынша 5 қаулы қабылдады — Өмірзақ Шөкеев

1045
Бүгін Түркістан қаласында облыстық мәслихаттың сессиясы өтті. Алқалы жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірді дамыту бағытындағы жоспарлары мен атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Елбасының Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында осы бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан облыс үшін аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Бұл — тарихта болмаған жағдай. Оның облыс және Түркістан қаласы үшін ең маңыздысы — «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары». Сонымен бірге, өзге қаулылар да Түркістан үшін аса маңызды. Облысымызға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп отыр», — деді облыс әкімі.
Ел Үкіметі тарапынан жоғарыда аталған қаулыдан бөлек  «Түркістан қаласын салу шеңберінде жұмыстар және көрсетілетін қызметтер сатып алынатын тұлғаларды айқындау» жөніндегі қаулы да маңызға ие. Сондай-ақ «TURKISTAN» еркін экономикалық аймағы мен әкімшілік-іскерлік орталығын, Түркістан қаласын дамыту көзделген қаулылар облысты өркендетуге оң әсерін тигізетіні анық.
Үкімет қабылдаған қаулыларға сәйкес, облыста барлық сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, идеология, өндіріс, индустриалды аймақтарды дамыту жолында үлкен жоспарлар жүзеге асырылады.
Мәселен, туризм саласында экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленген.  Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің құрылысы барысында 1900 жұмыс орны ашылса, іске қосылғанда 400 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Жылына келетін туристер саны да арта түспек.
Өңірде инфрақұрылым жақсарады. Барлық аудан, қалаларда ауыз су, газбен қамту, сапалы электр мәселелері бойынша тиянақты жұмыстар атқарылады. Газ мәселесі де шешімін тауып келеді. Екі айда 30 елді мекенге «көгілдір отын» тартылып, 45 мың адам газға қол жеткізді. Бұл жұмыс ары қарай да жалғасын тауып, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 48 елді мекенге газ тарту жоспарда бар.
2019 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен жабдықталу көрсеткіші қалаларда 97,2 пайызға, ал, ауылдық елдімекендерде 80,4 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.
Түркістан қаласын дамыту, құрылыс нысандарын талапқа сай жүргізу жұмыстары да жоспарға сай атқарылады. Биылдың өзінде бірнеше ірі нысан пайдалануға беріледі.
Жиында осы және өзге де деректерді сөйлеткен өңір басшысы ел Үкіметі тарапынан бөлінген әрбір тиын ел игілігі үшін жұмсалып, жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуы басты назарда болатынын жеткізді.
Түркістан облыстық мәслихатының 38-ші сессиясының күн тәрбібінде түрлі салалар қамтылған 19 мәселе талқыланып, маңызды шешімдер қабылданды.