Арыста 1870 үйдің жөндеу жұмысы аяқталды

1447
Арыс қаласында 1870 үйдің жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл туралы бүгін Арыс қаласында өткен облыс әкімдігінің аппарат отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдайдың зардаптарын жою, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, тұрғындарға жан-жақты жағдай жасау мәселелерін қозғап, құрылысты кешіктіріп жатқан сектор басшыларына жұмысты күшейту керектігін айтты.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, жалпы Арыс қаласында жеке үйлердің 7 мыңнан астамы, көпқабатты үйлердің 100-ге жуығы зақымдалып, осы нысандарда жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бүгінде 17 сектор бойынша 7445 үйге ақау актісі жасалып, 4827 үйде құрылыс жұмыстары қолға алынған. Зерттеулер нәтижесінде жарамсыз үйлер саны 293-ке жетті. Оның ішінде 4-еуі – көпқабатты үйлер. Бұл үйлер толық басынан салынады. Бірқатарының іргетасы қаланып та үлгерген. Құрылыс жұмыстарына еліміздің түкпір-түкпірінен 215 компания және 7 мыңнан астам адам тартылған.
Қаладағы 66 әлеуметтік нысан бойынша да жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Оның ішінде 4-еуі басынан салынады. Бұл жұмыстарға 1788 жұмысшы, 29 компания жұмылдырылған.
Жиында тиісті сала басшылары апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылып жатқанын, 200-ден астам арыстық ардагер демалысқа жіберілгенін мәлімдеді. Сонымен бірге 2 мыңнан астам бала да еліміздің демалыс лагерлерінде тынығып жүр. Қоймаларға жиналған 789,2 тонна азық-түліктің 689,5 тоннасы тұрғындарға таратылған. Бүгінде 1545 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілуде. Денсаулығы нашар 31 тұрғынға қоларба берілген.
Облыстық штаб мүшесі, ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Тәжібаев секторларда тұрғындардың арыз-шағымы бойынша жұмыс атқарылып жатқанын, әрбір шағым дер кезінде тіркелетінін мәлімдеді. Тұрғындар арасынан әр 10 үйге бекітілген белсенділер де жұмысқа тартылып, секторларда тұрғындармен кездесу тұрақты жүріп жатқанын жеткізді.
Ал облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы А.Тасыбаев 100 мың теңге өтемақыға 61 мыңға жуық құжат тапсырылғанын, 49393 тұрғынның мекенжайы ҚР Ішкі істер министрлігінің базасымен расталғанын мәлімдеді. Құжаттар бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Жиында Арыс қаласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, құрылысы нашар жүріп жатқан сектор басшыларына сын-ескертпелер айтылды. Қаланың су, электр және жылу жүйелерінің жұмысын ширату, жол салу мәселелері де сөз болды. Өңір басшысы Ө.Шөкеев облыстық штаб әрбір секторға жауапты облыс пен аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындардың арыз-шағымы бойынша жүйелі әрі мұқият жұмыс атқаруы тиіс екенін айтты. Әрбір мәселеге уақтылы әрі дер кезінде тоқталып, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.