Абай өлеңдеріндегі «улы ойлар» топтамасы

1030
Абайдың әлеуметтік лирикаларын сөз еткенде «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңіне соқпай кету мүмкін емес. 
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың,- деген жолдарында, қазақ халқының бүкіл трагедиялық өмірі жатқандай. Ақынның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырғаны «Қалың елі, қазағы». Оны «Қайран жұртым» деп бар жанымен ынтыға сүйген ақын, анық артта қалған қараңғы надандығын «Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деген сөзбен бейнелеп жеткізеді. Мұрттың ауызға түсіп, ішер асқа тиюі – ол харам. Мұны білген мұсылман неге мұртын қырқып, басып жүрмеске. Бірақ, ауызға түскен мұртты қырқатын ұстара жоқ. Мұртты қырқып басу үшін кім көрінгеннің қалтасында жүретін ұстараның, қазаққа табылмауы – қазақтың артта қалған надандығының белгісіндей.
Ал, жақсы менен жаманды айырмайтын оқуы жоқ сауатсыз, надан халықтың «бір ұрты май, бір ұрты қан» болатыны, яғни жақсылығы мен жамандығы бірдей жүретіндігі ежелден белгілі.
Абайдың ақындық ұлылығы сонда – ол бір шумақ өлеңге халықтың бүтін тарихын, бүкіл болмыс-бітімін сыйғызып тұр.
Міне, осындай тағдыры ауыр елді жарқын болашаққа жеткізетін ел басшылары емес пе еді?! Бірақ, олардан үміт аз. Тіптен жоққа тән.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінекей, бұзған жоқ па, елдің сиқын,- деген ақын, ел билеушілерінің елді меңгеріп, басқаруға жараймыз дегендерді  білім, мінез, адамгершілік жағынан татымсыз, құнарсыз адамдар деп танытады. Өңкей қиқым. Қиқымда тамыр болмайды. Болса да таяз, жетімсіз. Өнім жоқ.
Таяз «қиқымдар» басқарған елдің трагедиясы әр уақытта терең болмақ. Халық мұңы – ақын Абайдың мұңы. «Қиқымдар» басқарған надан елде қандай болашақ болмақ? Халқының тарихи әлеуметтік жағдайын терең білген ақын:
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың,- деп күңіренеді.
Абайға бодан болған елінің болашағы күңгірт еді. Елін еңбекке, өнер- білімге шақырған ақынның өзі де халқына анық күрес жолын, бостандық жолың мынау деп көрсете алмады. Халқы да қараңғы, надан болатын. Ресей империясының отарына айналып, болашағынан айырылған халқының мұңы өз мұңы болған ақын, заманының улы запыранын ішіне жиып, «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,» -деп күңіренгенде, ақын болашақтан үміті үзілген сол кездегі бодан халқының трагедиясын айтып дерттенеді.
Халқының трагедиясы ақынның жеке жан азабына айналып,
Улы сия ащы тіл,- немесе:
Ішіп терең бойлаймын
Өткен күннің уларын,- болмаса:
Ашуың ашыған у, ойың кермек,- не:
Тағы сене бастаймын,
Күнде алдағыш қуларға,
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?,- деген секілді Абай поэзиясында «Улы ойлар» топтамасы басталады. Абай өлеңдерін байыппен оқыған оқушы, ақын өлеңдерінде «у»- дан аяқ алып жүре алмайды. «У» — ақынның трагедиялық ойларының түп темірқазығы секілді.
Ақын поэзиясындағы трагедиялық улы ойлар,- кейбір зерттеушілеріміз айтып жүргендей, көп наданның ортасында, қараңғы, мешеу қоғамда өмір сүрген білімдар, данышпан ақынның ой азабынан туған жалғыздық трагедиясының, өмірінің соңғы жылдарында жақындарынан айырылған ақынның жеке басының трагедиясына ұласуынан туды деп ойласақ, онда бір жақты саяз ойланғанымыз!
Бұл – Абай поэзиясын терең түсінбегеніміз болып табылады!
Егер біз Абай поэзиясындағы трагедиялық улы ойларды ақынның жеке басының трагедиясымен ғана байланыстырсақ, қателесіп адасамыз. Адасқанда да шығандап, бір бүйірге бұрыс кетеміз.
Абай:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек.
Ашуың – ашыған у, ойың-кермек, — деп жазғанда 41 жаста ғана болатын және жеке басында ешқандай трагедия жоқ, дегені болып тұрған, басы аман, бауыры бүтін кезі.
Егер, біз Абайдың жеке өміріне жәй пенделік көзбен қарасақ, ол өте бақытты. Абай «Қарадан шығып хан болған» аға сұлтан Құнанбайдың бел баласы. Ол екі шешенің ортасында, әз әже Зеренің құшағында, халықтың рухани қазынасы халық ауыз әдебиеті нұсқаларына уызынан қанып ішіп, бақытты балалық шағын өткізді. Не ішемін? Не киемін? – демеді.
Кейін балалық асып, жігітшілік шаққа жеткенде де шайқап ішті, шалқып жүрді. Бір басындағы байлық пен билікті айтпағанда жігіттік дәуреннің қызығын молынан татты. Таңдап сүйіп, уылжыған сұлудың бал демін рахаттана жұтпаса, Абай:
Ер жігіт, таңдап тауып,
Еппен жүрсін,- деп айтар ма еді? Болмаса «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі», «Көзімнің қарасы», «Білектей арқасында өрген бұрым», «Қызарып, сұрланып» секілді махаббат тақырыбындағы ғажайып лирикалық өлеңдерді жаза алар ма еді?
Ойда орысқа, қырда қазаққа дегені болған, Орта жүзге белгілі би, рубасы Абай, інілерінің ішінен қалағанын еліне болыс етіп сайлатып отырған. Абайдың тірі кезінде де, өлген соң да Совет өкіметі орнағанға дейін Құнанбай балаларынан билік кетпеген. Абайдың өз кіндігінен тараған балалары қандай! Шетінен оқымысты, талантты! Орыс оқуын бітірген офицер баласы Әбдрахманды айтпағанда елдегі талантты ақын балалары Ақылбай, Мағауия Тобықты елінде аузы дуалы би болса, Әйгерімнен туған жазушы- аудармашы баласы Тұрағұл совет өкіметі орнағанға дейін елінде болыс болған.
Замандас шәкірт ақыны Көкбайдың естелігіне қарағанда, Абай өмірінде ақша санап, ақшаның бетіне қарамаған. Абайдың бар ақшасы атқосшысының қалтасында болады екен. Керегін алған, белден басып жүрген. Атқосшысы ақша таусылды десе, қайтадан ақша тауып, қалтасына салып беріп отырған. Ақшаның есебін өмірінде сұрамаған. Абайдың аңшылық серілігі, оның қонақжайлылығы, жеке басының мәрттігі туралы аңыз осы күнге дейін халық арасында айтылады.
Міне, осылай өмір сүрген ақын Абайдың жеке өміріне жәй пенделік көзбен қарасақ, ол өте бақытты. Абай, «Өлсем орным қара жер» өлеңінде:
Ой түскелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме,- деп жазбап па еді?
Өздігінен оқыған оқу-білімнің арқасында, ойшыл- философ дәрежесіне жеткен ақын Абайдың трагедиялық улы ойларының түп негізгі себебі-отаршылдық езгіден хұқы, діні, рухы тапталған, еңбекке, білім мен өнерге шақырған ақын өсиетін керек қылмай теріс кеткен, надан да қараңғы халқының орыс империясына бодан болып, орыстанып, қазақ халқының ұлт ретінде болашағынан айрылуы еді.
Білімдар, хакім Абай сол кездегі дүниежүзілік геосаяси жағдайды да,  орыс өкіметінің отаршыл империялық саясатын да терең түсінді.
Сондықтан да ақын:
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолымнан кеткен соң енді өз ырқың,- дей отырып:
Жарлы емеспін, зарлымын,
Оны да ойла толғанып,- деп зар төгіп, ызалана жазуында түпсіз терең ой жатқан жоқ па?!
Терең білім иесі, ұлт ұстазы хакім дәрежесіне көтерілген ақын Абай, «Қалың елім қазағым», «Біріңді қазақ бірің дос» деп жырласа да, тарихи диалектикалық тұрғыдан келгенде, ақын өмір сүрген сол кезеңде рулық-патриархалдық қоғамда өмір сүрген, ұлттық санадан гөрі рулық санасы басым әр түрлі рулардан құралған  қазақ халқы тұтас бір ұлт дәрежесіне көтеріле қойған жоқ еді.
Осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқын алғаш рет, ең бірінші болып, «Қалың елім қазағым»,- деп атай отырып, саналы түрде қазақ халқына тұтас бір ұлт ретінде қараған тұңғыш ұлт ақыны Абай болғанын біз ұмытпауымыз керек.
Сол дәуірде, қазақ халқына тұтас бір ұлт ретінде қарау керек деген сапалы ой Абайдан өзге қазақ ақындарына орала қоймаған кез. Өзіне дейінгі рулық санадағы ақындардан Абайдың ең негізгі басты айырмашылығы сол, ол қазақ халқына тұтас бір ұлт ретінде қарады.
Абай қазақ халқын ұлттық тұтастық пен бірлікке шақырған, оның намысы мен рухын биік мақсатты, сапалы ой тұғырына көтерген тұңғыш қазақ ақыны болды. Қоғамдық дамудың қай дәуірінде болса да ерекше құбылыс болып саналатын ұлттық сана – ұлттың өзін-өзі сынай білу дәрежесімен өлшенеді. Сондықтан да ақын Абай, халқының ұлттық санасы мен намысын көтеру мақсатында өз ұлтын, қазақ халқын аяусыз мінеді, аямай сынады.
Бұл – өз ұлтын шексіз сүйген данышпан ұлылардың өз халқын биік моральдық адамгершілікке, саналы ой, сапалы тәрбиеге жеткізуде қолданатын бірден-бір әдісі еді. Абай да осы әдіске жүгінді. Ол өз халқын, өз  ұлтын шексіз сүйгендіктен де осылай етуге мәжбүр болды.
Жан-жақты терең білім иесі, білімдар Абай өз заманының әлеуметтік сырларын терең біліп қана қойған жоқ, ол сол тұстағы халық өмірінің сан қырлы қатпарларын да жетік білетіндігі поэтикалық көркемдігі аса жоғары әлеуметтік лирикаларында айқын көрінеді.
Шын мәнінде, Абай өзі өмір сүрген заманы мен қоғамы жайында, қара сөздері мен поэзиясы арқылы, бізге, кейінгі ұрпаққа аса мол энциклопедиялық мәлімет қалдырған ақын.
Абайдың әлеуметтік лирикалары мен сатиралары ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының тарихи әлеуметтік жағдайын зерттеуші ғалымдарға аса құнды деректерімен де бағалы қазына екені анық.
Нұрғали Махан
Abai.kz