Қасым-Жомарт Тоқаев: Наурыз дамудың жаңа лебін әкеледі

1680
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Наурыз мерекесіне орай ресми құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президент құттықтауының толық мәтінін жариялап отырмыз.
Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Бәрімізді қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке – бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны. Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар.
Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды.
Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы.
Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі.
Бүгінде Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам.
Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу.
“Бірлік бар жерде, тірлік бар” дейді халық даналығы.
Әз-Наурыз әр отбасына бақ-береке әкелсін!