Шымкенттік кәсіпкер ауызашар орнына 500 отбасына азық-түлік пакетін үлестірді

864
Шымкенттік кәсіпкер Бауыржан Анарбеков ауызашар орнына 500 отбасына азық-түлік пакетін үлестірді. Коронавирустың кесірінен қиын жағдайға тап болған жанұяларға ең қажетті деген тамақ өнімдерін жеткізіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осылайша, кәсіпкер ауызашарды ерекше форматта ұйымдастырды. Іскер азаматтың бастамасын қолдаған «Шымкент добряков клубы» мен жастар ресурстық орталығының «Жастар волонтерлер лигасы», журналистер мен әкімдік қызметкерлері, такси паркінің өкілдері азық-түлікті жеткізіп беру ісінде белсенділік танытты.
«Биыл ораза айы қиын уақытқа түсті. Мен Елбасының үндеуі мен қала әкімінің үндеуіне қолдау көрсетіп, бүгінде мұқтаж жандарға көмектесуді жөн көрдім. Дәстүр бойынша, ораза кезінде көпшілік адам ауыз ашар жасайды. Мен биыл ауызашарды осындай көмекке алмастыруға шешім қабылдадым. Менің ойымша, бұл әлдеқайда маңызды. Өйткені әлемнің барлық діндерінде көмекке мұқтаж адамдарға әрқашан көмек көрсетуге, қолдауға шақырады. Мен барша азаматтарды бұл бастаманы қолдауға шақырамын. Бүгінде елімізде қаншама түрлі челлендждер бар. Бұл жақсылық челленджінің бастамасы болсын», — деді Бауыржан Анарбеков.