Төтенше жағдай аяқталды: қазақстандықтарға той-томалақ өткізуге бола ма

1829
Сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, мешіттер, көпшілік жиналатын басқа да орындар әлі де жабық болады
Төтенше жағдай аяқталғанына қарамастан, елімізде бұқаралық және отбасылық шараларға әлі де тыйым салынып отыр. Бұл туралы бас мемлекеттік санитар Айжан Есмағамбетованың 10 мамырдағы қаулысында айтылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық, сонымен қатар, отбасылық шараларды өткізуге сол күйі тыйым салынады», — делінген қаулыда.
Яғни, әзірге қазақстандықтар той-томалақ, басқа да бас қосуларды өткізе алмайды.
Сондай-ақ, сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер, көпшілік жиналатын басқа да нысандар жабық болады. Діни нысандардың қызметіне тыйым салынған.
Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері эпидемияға қарсы режим талаптарының сақталуына мониторинг жүргізуді және әкімдіктер жанындағы мобильді топтармен іріктеу арқылы нысандарды тексеруді қамтамасыз етуі тиіс.
Әскерге шақырылғандар әскери бөлімге келгеннен кейін ПТР әдісімен коронавирусқа анализ тапсырады.
Қоғамдық орындар, өнеркәсіп аумақтары, әуежайлар, ауладағы балалар алаңдары мен басқа да нысандарда санитарлық және дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұдан бөлек, бас санитар халық арасында коронавирустың таралуын алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.
Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамыр 00.00-де аяқталды. Бірақ облыстар мен қалаларда карантин сақталады.