Басты Шымкент Шымкент әкімдігі «Жезөкшеге» тапсырыс берген жоқ
Қоғамда әйел баласының киіміне қатысты талас-тартыстың, қарама-қайшы пікірлердің көп екендігі рас. Шымкенттік режисер Серік Таласовтың «Жезөкше» деп аталатын ролигі (4-5 минуттық) қоғамдағы осы қарама-қайшылықтың дәл діттеген жерінен ұстаған сияқты. Осы туынды туралы қазір ел ішінде пікірлер әрқилы. Тіпті оған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да үн қосты. Министр фейсбуктегі парақшасында:
– Жергілікті идеологтар мемлекетіміздің басты басымдықтарын ұмытпай, бейнероликтердің мазмұнына мұқият қарау керек деп санаймын. Әкімдіктер жанынан арнайы жұмыс топтары құрылып, олар мемлекеттік тапсырыспен жасалатын өнімдерді бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланбас бұрын егжей-тегжейлі талдап, іріктеп алғаны дұрыс,-деп жазды.
Осы себеп болды ма, әйтеуір шымкенттік атқамінерлер кеше, күннің жексенбі екендігіне қарамастан брифинг өткізіп, «Жезөкшеге» мемлекет тарапынан ешқандай тапсырыс берілмегенін жария етті.
– Қала әкімі М.Әйтенов әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан бейнеролик жөнінде хабардар. Мұрат Дүйсенбекұлы арнайы тапсырма беріп, бүгінде тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру қорытындыларын алдағы уақытта арнайы жариялаймыз, – деді қала әкімінің орынбасары А.Мамытбеков.
Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаевтың мәлімдеуінше, әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жатқан бейнероликке жергілікті бюджеттен қаржы қаралмаған. Олай болса, фильмнің соңында «Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының тапсырысы бойынша» деген сөз қайдан жүр?
– Жастар ресурстық орталығы ғимаратында бірқатар ұйымдар мен түрлі шығармашылық бірлестіктердің кеңселері орналасқан. Оның ішінде «TALAS FILM» киностудиясы да бар. Бұған дейін аталған киностудия насихаттық роликтер түсіру кезінде орталықтың логотипін пайдаланып отырған. Бұл роликке мемлекет тарапынан қаражат бөлінген жоқ. Ол «TALAS FILM» киностудиясының өз қаражатына түсірілген. Роликтің соңында «қолдау білдіреді» деген сөздің орнына «тапсырыс береді» деп жазылып кеткен. Бұл олқылықты байқаған соң, орталықтың логотипін алдырып тастадық,– деп жауап берді басқарма басшысы.
Брифингке фильмнің режисері Серік Таласов та қатысты. Ол:
– Бейнероликте қателік бар шығар. Бірақ біздің түпкі мақсат – қазақтың ұлттық тəрбиесін сақтап қалу. Яғни, бейнеролик осы мақсатпен түсірілген. «Тəрбие тал бесіктен». Өзімнің өсіріп отырған үш қызым бар. Олардың келешегі мені алаңдатады. Сол себепті қоғамның осындай кейбір келеңсіз тұстарын ашық көрсете отырып, қаз қалпында жеткізгіміз келді, – деп, фильмде әйелдер оранып, хиджап киіп жүруі тиіс деген идеяның жоқтығын алға тартты.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,
Шымкент