Пневмония болған науқасқа көп су ішуге болмайтынын, олай жасаған жағдайда өкпенің ісінуіне әкеліп, адам өлетінін бүгін ғана естіп отырмын. Мынау атың өшкір вирус келгеніне жарты жыл болса да тиісті министрлік халыққа арнап, жаднама үлгілерін жасап неге таратпаған?
Коронавирус пандемиясы денсаулық сақтау саласының шынайы келбетін ашып берді. Халықты тегін маска, қолжетімді бағадағы дәрі-дермекпен қамтамасыз етпек түгілі дәрігерлер қарапайым түсіндіру жұмыстарының өзін жүргізе алмай отыр. Не істерін білмей абдыраған жұрт қолына тиген дәрісін ішіп, естігені мен көргенін қайталап емделген болып жатыр. Ал мұның арты үлкен қателікке ұрындырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл олқылықтың орнын журналистер толтырып, халықты құзырлы органдар емес керісінше қоғам белсенділері, діннен хабары бар жекелеген азаматтар сабырға шақырып, ақыл-кеңестерін беріп жатыр.
Кенжегүл Тергембаева есімді журналист пневмония болған адамға көп су ішудің өте қауіпті екенін жазған. Мұндай науқас көп көлемде су ішсе, онсыз да сұйықтыққа толып тұрған өкпеге ауа жетпей бірден адам өліміне алып келетін көрінеді. Журналист пандемияның басталғанына жарты жылдай уақыт болса да мұндай ақпараттардың дер кезінде неге таратылмағанын айтып жанайқайын білдірген.
«Біз дәрігер емеспіз, медицинаға қатысты көп нәрсені біле бермейміз. Мысалы, пневмония болған адамға көп су ішпеу керектігі, олай жасаған жағдайда өкпенің ісінуіне әкеліп, адам өлетінін бүгін ғана естіп отырмын. Мынау атың өшкір вирус келгеніне жарты жыл болса да тиісті министрлік халыққа арнап, мемлекеттік тілде жаднама үлгілерін жасап неге таратпаған? Қазір ақпараттық мүмкіндік зор ғой. Сол парақшалардың электронды нұсқасын бүкіл әлеуметтік желіде жариялау арқылы көп бақытсыз жағдайдың алдын алуға болар еді. Ресми ақпарат болса халық өзі-ақ таратады, ол жағынан проблема жоқ. Проблема — сол ресми ақпараттың кеш шығуында және мен оның тек орыс тіліндегі нұсқасын ғана көрдім. Бұлардың неше ай бойындағы профилактикалық, үгіт-насихат жұмыстары «қолды жиі жуу»-дан аспады», — деп жазған.
Сол секілді медицина саласының маманы Серік Мұратхан да осыдан бірнеше ай бұрын коронавирусқа қатысты зерделейтін дүниелер әлі де көп екенін айтып мәселе көтерген болатын. Оның айтуынша, алдымен иммунитет мәселесіне көңіл бөлу керек.
«Адамда иммунитет системасы дер кезінде шабуылға өтіп COVID-19-ды жойып отырмаса онда вирус дозасы артып, бүлінген гемоглобин саны барған сайын артып, оттегі тасымалдаушы сау гемоглобин азайып тыныс алуы қиындап, өкпе организмдегі оттегі жетіспеушілігін еңсеру үшін шамадан тыс жұмыс істеп, қабына бастайды. Соңында Еверестің басында қалған альпинист сияқты өңі тотығып, күреңітіп өледі. Бұл кезде қандағы оттегінің концентрациясы 90% дан төмендеп адам оттегі жетіспей тұншығады (кислородное голодание). Ал қандағы гемоглобин саны шектен тыс азайып кетсе онда ол науқасқа ИВЛ аппарат қосудың мәні жоқ. Міне бұл вирус алдымен адамның өкпесіне емес, қанына шабуыл жасайтының, ал өкпе қабыну оның салдары ғана екенінің дәлелі», — деп жазған болатын.
Маман сонымен қатар, сақтану және алдын алу жолдарын да айтып өткен: «Ең алдымен қолдан келетін шара-иммунитетті көтеру. Қатты қажет болмаған жағдайда ауруханаға бармаған дұрыс. Жасырын бас қосу, думандату өте қауіпті. Сонымен бірге ораза кезінде биыл ораза ұстамауға кеңес беремін. Себебі: адам әр күні суды көп қажет етеді. Әрі суды күндіз қажет етеді. Бір ай бойы ашыққан адам денесі сусыздана бастайды. Сусыздану қан қоюлануына әкеледі. Қою қан оттегі жане қоректік заттарды тасымалдауды баяулатады. Адам әлсірейді. Иммунитет төмендейді. Осындай кезде вирус жұқтырып алсаң онда соңы COVID-19-дың қақпанына әкеліп соғады. Ол жағдай жоғарыда айтқандай болады».
Кеше маман бұл жазбасымен тағы бөлісіпті. Айтуынша, тыңдар құлақ жоқ. «24 сәуірде жазылған дүниеге әлі назар аударылмай тұр. Түркістан облысы және басқа да өңірлердегі өкпенің жедел қабыну (пневмония) деп жатқан дүниелердің барлығы да короновирустың тыныс жолына жасаған шабуылынан болып жатыр», — дейді ол.