«Депутаттардың жалақысын дәрі-дәрмек тапшылығына жұмсау керек» — қоғам белсендісі

818

Әрқайсысы сайланған аймағына барып сондағы үйлеріне тұрсын, сонда отырып онлайн режиммен жұмыс жүргізсін, өздерін сайлаған елмен бірге болсын, көрсін әрбір өлік шыққан үйді, көрсін еңгіреген ананы, жетімсіреген баланы, жесір болған әйелді көрсін!

Елдегі пандемиялық жағдай шынымен ушығып кетті. Дәріханаларда дәрі жоқ, жұрттың қарапайым парацетамол, аспирин мен аскорбин қышқылының өзі жоқ екенін айтып дабыл қағып жатқаны аздай еліміздің кейбір өңірлері оттегі баллондарын сатып алуға ақша таппай жұрттан жылу жинауға мәжбүр болып жатыр. Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасы оттегі баллонын алуға бір жарым миллион теңге таппай қиналып ақыры әлеуметтік желілер арқылы жұрттан садақа жинаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Амал жоқ, халық қажетті қаржыны жинап берген. Елдегі мұндай сорақы жағдайлар әлеуметтік желі бетінде талқыланып-ақ жатыр. Бірақ содан жағдай оңалмайтын түрі бар. Белгілі дәрігер Раушан Базарбай дәрі-дәрмек алуға жетпей жатқан ақшаны депутаттарға жұмсалатын шығын есебінен неге толтырмасқа деп ұсыныс білдірген.

«Парламент депуттарының Астана төріндегі пәтерлеріне, көліктеріне, көмекшілеріне, командировка мен ұшақтарына, одан қалды бір миллионға жуық айлықтарын тоқтатып, сол ақшаға барлықр елді мекендерге ИВЛ апараты мен дәрі дәрмек, одан қалды медиктерге қорғаныс құралдары алынсын!. Алдымызда тағы сайлау Сенатқа, Парламентке, мен ойлаймын ендігіде Сенат пен Парламентке сайланатындарды астанада тұрғызып, оларға пәленбай айлық пен олардың жүріп тұру мен басқа да шығындарын Мемлекет, яғни халықтың қаржысынан төлетуді доғару керек!», — деп жазған өзінің жеке парақшасында.

Сондай-ақ ол елді пандемия жайлап қиын жағдай болып жатқанда депутаттардың тығылып үйінде жатекқандары дұрыс емес деп санайды.

«Бүкіл елді пандемия жайлағанда олар  Астана төрінде неғып отыр? Қайтсын елге! …Әрқайсысы сайланған аймағына барып сондағы үйлеріне тұрсын, сонда отырып онлайн режиммен жұмыс жүргізсін, соларды сайлаған елмен бірге болсын, көрсін әрбір өлік шыққан үйді, көрсін еңгіреген ананы, жетімсіреген баланы, жесір болған әйелді көрсін!

Олардың жұмысын еш қиындықсыз онлайн жүргізуге болады. Осы аймақтық депутаттар мен қала ауыл депутаттары айлық алмай депутат болып жүр ғой. Ал астанаға кеткендердің несі артық?  Қай мүддеміз қорғалып жатыр екен? Елдің мынау қиын кезіңінде бас көтерер біреуі табылмады ма?

Елімізде қаралы күн жариялау керек деп жүргенімізде, той тойлағаны несі, фейрверк несі, не мазағы? Соны айтатын бір Парламент депутаты болмағаны ма?», —  деп жанайқайын білдіріпті Раушан Базарбай.